Қазақпарат агенттігінің хабарлауынша, қазір Қазақстанда 727 автомектеп жұмыс істейді және олар лицензиясыз, хабарламалық тәртіп бойынша қызмет көрсетеді. Автосарапшы Алексей Алексеевтің айтуынша, мұндай жағдайда мемлекет оқу орнының материалдық-техникалық базасын, оқытушылар құрамын немесе оқу сапасын алдын ала тексермейді.
Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау жөніндегі кәсіби бірлестіктің өкілі Әділ Әлібеков жаңа талаптар күшіне енсе, автомектептердің едәуір бөлігі жабылуы мүмкін екенін айтты.
«Меніңше, жартысынан астамы жабылады. Себебі материалдық-техникалық базасы жоқ, оқытушылары мен автокөліктері жоқ ұйымдар кездеседі. Олар тек сертификат сатумен айналысады», – деді ол.
Биометрия мен геолокация енгізіледі
Заң жобасында жүргізушілерді даярлау процесін цифрлық бақылауға көшіру көзделген. Курсанттардың сабаққа нақты қатысуын тексеру үшін биометриялық сәйкестендіру мен геолокация жүйесін енгізу ұсынылады.
Әділ Әлібековтің сөзінше, бұл сабаққа қатыспай-ақ сертификат алуға тырысатындардың жолын кесуге бағытталған.
Сонымен қатар жол ережесін бұзуды автоматты анықтайтын техникалық құралдарды кеңінен қолдану, Денсаулық сақтау министрлігі мен ІІМ ақпараттық жүйелерін біріктіру және төленбеген айыппұлдары бар жүргізушілерге бірқатар шектеу енгізу қарастырылып жатыр.
Тексеру кезінде жүздеген заң бұзушылық анықталған
Биыл сәуірде ІІМ жүргізген тексеру барысында кейбір автодромдарда жол белгілері мен жарықтандыру талапқа сай емес екені анықталды. Сондай-ақ техникалық ақауы бар көліктер пайдаланылған.
Міндетті техникалық тексеруден өтпеген және сақтандыру полисі жоқ көліктерді қолданған 59 автомектеп анықталып, 701 оқу тобының қызметі тоқтатылған.
Негізгі мәселе – оқыту сапасы
Сарапшылардың пікірінше, жүргізушілерді даярлау жүйесіндегі басты түйткіл – оқыту тәсілі. Қазір теориялық сабақтардың басым бөлігі емтихан билеттерін жаттауға негізделген.
Алексей Алексеевтің айтуынша, жол-көлік оқиғаларын талдау, күрделі жол жағдайларын түсіндіру және қауіпсіз жүргізу дағдыларын қалыптастыруға көбірек көңіл бөлінуі керек. Сондай-ақ Қазақстанда жүргізушілерге арналған балдық жүйені енгізу мәселесі де талқыланып жатыр.
Мамандар практикалық сабақтардың жеткіліксіздігін де проблема ретінде атап өтеді. Соның салдарынан жаңа жүргізушілер қала ішінде қозғалу, тұраққа қою және жолақ ауыстыру кезінде қиындыққа тап болады.
Жалған сертификат үшін жауапкершілік күшейеді
Заңгер Аржан Сәдуақастың айтуынша, болашақта азаматтар автомектептің ІІМ реестрінде бар-жоғын тексере алады.
«Егер автомектеп жалған сертификат берсе, оған қылмыстық жауапкершілік қарастырылады. Сол құжат арқылы алынған жүргізуші куәлігі жарамсыз деп танылып, азамат көлік жүргізу құқығынан айырылуы мүмкін», – деді заңгер.
QR-код төңірегіндегі дау
Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай автомектептердегі төлем жүйесіне қатысты мәселе көтеріп, жыл сайын жиналатын миллиардтаған теңгенің қайда жұмсалатынын сұрады.
Осыған байланысты ІІМ қызметтік тексеріс басталғанын хабарлады. Ведомство автомектептер мен әкімшілік полиция арасында ешқандай делдал болмауы тиіс екенін мәлімдеді.
Сарапшылар не дейді?
Алексей Алексеевтің пікірінше, реформа қажет екенін жол-көлік оқиғаларының статистикасы дәлелдейді.
«Өткен жылы Қазақстан жолдарында 2330 адам қаза тапты. Меніңше, түбегейлі реформа қажет. Өйткені жүргізушілерді әлі күнге дейін 50-70 жыл бұрынғы тәсілдермен оқытып келеміз», – деді ол.
Алайда барлық ұсыныс бірдей қолдау тапқан жоқ. Солтүстік Қазақстандағы жүргізушілерді даярлау ұйымдары қауымдастығының басшысы Виктория Гимельрайх биометриялық бақылау жүйесіне күмәнмен қарайды.
«Бұл адам құқығын бұзады. Сонымен қатар кез келген биометрияны айналып өтуге болады. Бірақ біз жалпы мемлекеттік бақылауға қарсы емеспіз», – деді ол.
Жалпы, сарапшылар жүргізушілерді даярлау жүйесін жаңарту қажет деген пікірде. Талқылау реформаның қажеттілігіне емес, оны қалай тиімді жүзеге асыруға қатысты болып отыр.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.




