Атыраудағы қанды іс: айыпталушы отбасы мүшелерін өлтіріп, олардың атына несие рәсімдеген
- авторОймақ
- Бүгін, 10:24
- 27
Тергеу нұсқасына сәйкес, айыпталушы Сұлтан Сарсемалиев бұрынғы әйелінің туыстарын өлтіріп, кейін қылмыстың ізін жасыруға әрекет жасаған.
Мемлекеттік айыптаушы Мирас Бауржановтың айтуынша, Сұлтан Сарсемалиев пен Ақбаянның арасындағы жанжал бұған дейін де болған. Екеуі оқиғаға дейін ресми түрде ажырасқан.
Прокурордың мәліметінше, тұрмыстық кикілжің кезінде айыпталушы асүйде бұрынғы әйелінің інісі Наурызға бірнеше мәрте пышақ жарақатын салған. Кейін мәйітті кілемге орап, ауладан шұңқыр қазып, түнде көміп тастаған. Сондай-ақ марқұмның телефонын алып, қолма-қол 3 мың теңге шешіп алғаны айтылды.
Тергеу дерегіне сәйкес, бұдан кейін айыпталушы қаза тапқан адамның атына банк қосымшасы арқылы 4 млн теңге көлемінде несие рәсімдеген. Айыптау тарабының мәліметінше, 2025 жылдың тамыз, қазан және желтоқсан айларында да қаржылық операциялар жүргізілген. Олардың жалпы көлемі шамамен 500 мың теңгені құраған.
Прокурордың сөзінше, Сарсемалиев кейін бұрынғы әйелінің ата-анасы — Максот пен Насипті де өлтіруді алдын ала жоспарлаған. Тергеу нұсқасында қылмыс жазғы сарайда асүй пышағымен жасалғаны айтылады.
Айыптау актісінде алдымен Насип шаруамен сарайға кірген кезде өлтірілгені көрсетілген. Кейін сарайға келген Максот та сол жерде қаза тапқан. Бұдан соң айыпталушы өздігінен шұңқыр қазып, мәйіттерді көміп тастағаны айтылды.
Іс материалдарына сәйкес, кейін Сарсемалиев бұрынғы әйелі Ақбаян және оның сіңлісі Мейрамгүлмен бірге қалаға оралған. Сотта жарияланған дерек бойынша, Мейрамгүл үйде тұруға жағдай мен тамақ жоғын айтып, туыстарына кеткісі келетінін жеткізген.
Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, бұл сөз айыпталушыға ауыр тиген. Тергеу нұсқасында ол Мейрамгүлді де сол пышақпен өлтіргені көрсетілген. Кейін мәйітті кілемге орап, дәлізге шығарып, ауладан шамамен 30 сантиметр тереңдікте шұңқыр қазып көмген.
Аталған іс бойынша сот процесі 18 мамыр күні басталды. Тергеу жалғасып жатыр.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.
18 мамыр – Батырхан Шүкеновтің туған күні
Ұқсас жаңалықтар
Астанада Әл-Фараби даңғылы мен Керей-Жәнібек хандар көшесі уақытша жабылады
- авторОймақ
- 17 мамыр, 2026





