Депутаттың сөзіне қарағанда, тиісті заң жобалары әлі де даярлық сатысында.
Әкімшілік рақымшылық бойынша мемлекеттік органдар салған айыппұлдарды есептен шығару мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
— Сан жағынан алғанда, бізде айыппұлдар өте көп, 600-ден астам түрі бар. Қазір осы айыппұлдардың қайсысы қамтылатынын талқылап жатырмыз. Әрине, қоршаған орта мен санитарлық қауіпсіздікке қатысты заң бұзу деректері бойынша айыппұлдар есептен шығарылмайды. Мысалы, санитарлық ережелерді бұзу туралы бап бар. Осы бапта адамдардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретін әрекеттерге қатысты норма ескерілген, — деді Снежанна Имашева Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Депутат әкімшілік рақымшылық бірнеше миллион айыппұлға әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.
- Мен қазір адамдардың санын айта алмаймын, өйткені бір адамға 10 айыппұл салынуы мүмкін», - деп түсіндірді ол.
Сонымен қатар ол қылмыстық амнистияға қатысты түсінік берді.
— Негізінен, қылмыстық рақымшылық ауыр емес және орташа ауырлықтағы қылмыстарды қамтиды. Бұл - шамамен 17 мың адам, - деді ол.
Заң жобасын мамыр айының басында Парламентке енгізу жоспарланған.
Еске салсақ, бұған дейін елде қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық бойынша рақымшылық жарияланатыны мәлім болды.
Айта кетейік, былтыр Конституцияның 30 жылдығы аясында рақымшылық жасалған еді.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






