Перизат Қайрат колонияда қызметтік бөлмелерді тазалау жұмыстарын атқарады
- авторОймақ
- Бүгін, 15:03
- 55
Перизат Қайрат сот үкіміне сәйкес жазасын өтеп жатыр және қазірдің өзінде жұмысқа орналастырылған. Бұл туралы Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті «NewTimes.kz» ақпарат агенттігінің ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Ведомствоның мәліметінше, ол колонияда қызметтік бөлмелерді тазалау жұмыстарын атқарады.
Сондай-ақ комитет сотталғандардың жазасын өтеу орны туралы ақпарат олардың жақын туыстарына Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексінің 25-бабына сәйкес хабарланатынын еске салды.
Бұған дейін ҚАЖК Перизат Қайратқа колония ішінде білім алып, мамандық игеруге мүмкіндік берілетінін айтқан. Бұл оның толық орта білімі болмаса да жүзеге асырылады.
Еске салсақ, «Biz Birgemiz Qazaqstan» қорының бұрынғы басшысы Перизат Қайрат 2024 жылдың қараша айында 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деген күдікпен қамауға алынған болатын. Бұл қаржы су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде жиналған.
Тергеуге сәйкес, қаражаттың бір бөлігі элиталық жылжымайтын мүлікке, қымбат көліктер мен шетелдік сапарларға жұмсалған. Сонымен қатар, ол қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыру үшін таныстары мен туыстарын тартып, оларға «қызметі» үшін ақы төлегені айтылды.
Кейін Қаржылық мониторинг агенттігі тағы бір эпизодты анықтағанын хабарлады. Онда Перизат Қайрат Палестина тұрғындарына арналған гуманитарлық көмек қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген.
Өз кезегінде Перизат Қайрат тағылған айыптарды мойындамай, оларды «прокурорлардың қиялы» деп атады және қор құрылтайшыларын жауапқа тартуды талап етті.
Сот шешімімен ол орташа қауіпсіздік мекемесінде 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал анасы Гайни Алашбаева 7 жылға сотталды.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






