Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған атышулы жол апатына күдікті Zeekr автокөлігінің жүргізушісі ауруханадан тергеу изоляторына (СИЗО) ауыстырылды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.
Бұған дейін күзетпен медициналық мекемеде болған күдікті сот санкциясымен қамауға алынды.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің мәлімдеуінше, Мемлекет басшысының тапсырмасымен бұл оқиға бойынша кешенді тергеу жүргізіліп жатыр. Қайғылы жағдай кезінде Zeekr жүргізушісінің мас күйінде болғаны анықталды. Сонымен қатар, бұл іс аясында бұрынғы полиция қызметкерінің әрекетсіздігі және мемлекеттік нөмірлердің заңсыз берілуі фактілері бойынша жеке қылмыстық істер қозғалды.
Оқиғадан кейін Алматы полициясында ауқымды кадрлық өзгерістер орын алды. Қызметтік тексеру нәтижесінде департамент бастығының орынбасары мен бейінді басқарма басшылары қызметтерінен босатылды. Қазіргі уақытта Алматыда ІІМ-нің арнайы комиссиясы жұмыс істеп жатыр және қала жолдарында бақылау күшейтілді. Рейдтердің алғашқы күндерінде 4,8 мыңнан астам жол ережесін бұзу дерегі тіркелді.
Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 21 наурызға қараған түні Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында болған еді. Zeekr электромобилі қарсы бағытқа шығып кетіп, Mercedes көлігімен соқтығысқан. Соққы салдарынан Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Қаза болғандардың туыстары кінәлі тұлғаның қатаң жазалануын талап етуде.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






