жексенбі, 29 наурыз, 2026 15:45

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Моңғолиядағы қандас жастармен кездесу: 10 қазақстандық университеттің қатысуымен білім көрмесі өтті

Моңғолиядағы қандас жастармен кездесу:  10 қазақстандық университеттің қатысуымен  білім көрмесі өтті
Фото: Oimaqnews.kz
Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында «Отандастар қоры» КЕАҚ өкілдері жергілікті белсенді қандас жастармен және олардың ата-аналарымен арнайы кездесу өткізді.

Шараның басты мақсаты – этникалық қазақ жастарына атажұрттағы жаңа мүмкіндіктер ме н мемлекеттік қолдау бағдарламалары, соның ішінде «Қандас» мәртебесін алу және бейімделу мәселелері туралы жан-жақты ақпарат беру. Жиын барысында «Отандастар қоры» КЕАҚ баспасөз хатшысы Алжан Шарипов ұйымның шетелдегі қазақ диаспорасымен байланысты нығайтуға бағытталған стратегиялық жобаларын таныстырса, білім бағытына жауапты маман Талғат Кенжебекұлы мемлекеттік білім гранттары мен арнайы шәкіртақылардың бөліну тәртібін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Сонымен қатар, Қазақстанда жоғары білім алып, бүгінде табысты еңбек етіп жүрген Моңғолия тумасы Өміртай Болатбек өз тәжірибесімен бөлісіп, жастардың атажұртқа бейімделуі бойынша практикалық кеңестерін айтты. Баян-Өлгий аймағы Білім басқармасының аға маманы Әсемгүл Ибрагимқызы бұл кездесудің өңірдегі қазақ жастарының болашақ мамандық таңдауына тікелей әсер ететін маңызды оқиға екенін жоғары бағалап, мұндай танымдық шаралар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатынына сенім білдірді.

Осы кездесумен қатар, 2026 жылғы 25-26 наурыз күндері Баян-Өлгий аймақтық Музыкалық драма театрында ҚР Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар қоры» КЕАҚ және жергілікті әкімдіктің тікелей қолдауымен «Қазақстандық білім күндері» атты ауқымды білім көрмесі ұйымдастырылды. Екі күнге созылған көрменің салтанатты ашылуына қатысқан аймақ әкімі Заңғар Есентайұлы бұл шараның екі ел арасындағы білім мен мәдениет саласындағы алтын көпір екенін айтып:

«Бұл көрме – жастарымыз үшін үлкен мүмкіндік. Сапалы білім алып, атажұртпен байланысты нығайту – біздің басты басымдығымыз», – деп атап өтті.

Биылғы көрмеге Қазақстанның 10-нан астам жетекші жоғары оқу орны, атап айтқанда: Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Astana IT University, Astana International University, Esil University, М. Тынышпаев атындағы ALT University, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университеті, Ә. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті және Болашақ академиясының өкілдері қатысты. Әр университет өкілі талапкерлерге оқу бағдарламалары, жатақханамен қамтылу және халықаралық алмасу жобалары туралы толық мәлімет берді. «Отандастар қорының» маманы Талғат Кенжеханұлы атап өткендей, жыл сайын гранттар мен жеңілдіктерге қызығушылық танытатын жастардың саны артып келеді, бұл өз кезегінде екі ел арасындағы гуманитарлық байланыстың нығайғанын көрсетеді. Көрме аясында оқушылар мен ата-аналар өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, білім беру жүйесін оңтайландыру мен құжаттарды қабылдау үдерісін жеңілдету бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар