Қорғаныс саласында ауыс-түйіс: Алмаз Жұмекеев вице-министр қызметіне тағайындалды
- авторОймақ
- Бүгін, 17:35
- 20
Алмаз Жұмакеев Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz
Мемлекет басшысының өкімімен Жұмакеев Алмаз Жеңісұлы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары болып тағайындалып, бұрын атқарған қызметінен босатылды.
Бұған дейін Алмаз Жұмакеев Қазақстан Қарулы күштерінің десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы қызметін атқарған.
Алмаз Жұмакеев 1970 жылы 6 наурызда Қырғызстанда дүниеге келген. 1992 жылы Рязань жоғары әуе-десанттық екі мәрте Қызыл Ту орденді Ленин комсомолы атындағы әскери командалық училищесін тәмамдаған.
Әскери қызметін 1992 жылы Қапшағайдағы 32363 әскери бөлімінің десанттық бөлімшелерінде бастаған. Мұнда ол взвод командирінен бастап десанттық-шабуылдау батальонының командиріне дейінгі жолдан өткен. Сол жылы Тәжікстанда ТМД-ның мемлекеттік шекарасын қорғау бойынша әскери іс-қимылдарға қатысқан.
Кейінгі жылдары Қазақстан Қарулы күштерінде түрлі командалық және штабтық қызметтерде жұмыс істеген. Ол әскери бөлім штабының бастығы, командирдің орынбасары, кейін Талдықорғандағы әскери бөлімнің командирі қызметтерін атқарған.
2009 жылдан бастап Қорғаныс министрлігі мен Құрлық әскерлерінде басшылық қызметтерде еңбек етті. Атап айтқанда, жауынгерлік дайындық департаментінің бастығы, «Астана» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары, сондай-ақ Құрлық әскерлері бас қолбасшысының орынбасары қызметтерін атқарды.
2015–2018 жылдары Қазақстан Қарулы күштерінің десанттық-шабуылдау әскерлерін басқарды. Кейін Бас штабта жетекші қызметтер атқарып, Ұлттық қорғаныс университетінде білімін жетілдірді.
2022 жылдың наурыз айында Алмаз Жұмакеев қайтадан Қазақстан Қарулы күштерінің десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы болып тағайындалған еді.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





