Германияда қаза тапқан марқұм Айгұл Сайлыбаеваның күйеуі алғаш рет пікір білдірді
- авторОймақ
- Бүгін, 10:39
- 66
Александр Донцов 2024 жылдың жазында Германияда денесі табылған жұбайы Айгүл Сайлыбаеваның өліміне қатысты айтылып жүрген айыптарға алғаш рет жария түрде түсініктеме берді. Ол әйелінің қазасына еш қатысы жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Arasha сайтына сілтеме жасап.
Донцов өзіне қарсы ресми айып тағылмағанын айтты
«База» басылымына берген сұхбатында Донцов соңғы айларда өзіне және туыстарына қысым көрсетіліп жатқанын айтты. Оның сөзінше, белгісіз адамдар қоңырау шалып, хабарлама жазып, тіпті үйіне келіп, өздерін адвокат, полицей немесе журналист ретінде таныстырады. Олар Донцовты әйелін өлтірді деп айыптап, қоқан-лоқы көрсететінін жеткізген.
Донцов өзіне қарсы ресми айып тағылмағанын айтты. Оның айтуынша, Германияда тергеу әлі де жалғасып жатыр, бірақ ол іздеуде емес және іс бойынша айыпталушы ретінде қарастырылмайды. Ер адам қайғылы оқиғадан кейін қызымен бірге Мәскеуге еркін кеткенін, қазір сонда жұмыс істеп жүргенін айтты. Сондай-ақ тергеу органдарының сұрауы бойынша Ресейдің Тергеу комитетіне жауап беруге дайын екенін жеткізді.
Оның айтуынша, Айгүл Сайлыбаева 2024 жылдың 4 маусымында жоғалып кеткен. Таңертең жұмысқа кетерде әйелін көргенін, ал кешке үйге оралғанда пәтерде тек кішкентай қызының қалғанын байқаған. Жұбайы қоңырауларға жауап бермеген соң, ол полицияға арыз жазып, іздестіру жұмыстарына қатысқан. Әйелдің денесі 16 маусымда табылған.
Ол жұбайына ешқашан күш көрсетпегенін айтады
Донцовтың сөзінше, бастапқыда неміс полициясы оны куәгер ретінде сұрастырған, кейін іс бойынша «зардап шегуші» мәртебесі берілгенін хабарлаған. 2024 жылдың күзінде пәтер жалдау мерзімі аяқталғаннан кейін және көмек болмағандықтан Германиядан кетуге мәжбүр болғанын айтты. Кейінірек ол Германия прокуратурасынан тергеу өзіне белгісіз басқа күдіктіге қатысты жүргізіліп жатқаны туралы хат алған.
Сонымен қатар Донцов Қазақстанда өзіне қатысты «Қинау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Ол бұл істі қолдан жасалған деп санайды және әйелінің туыстарының айғақтарына негізделгенін айтты. Ер адамның сөзінше, ол жұбайына ешқашан күш көрсетпеген.
Басты күдікті – Наталья Донцова
Ал қаза тапқан әйелдің туыстары мен қорғаушылары басқа нұсқаны алға тартады. Олардың айтуынша, Германиядағы тергеуде басты күдіктілердің бірі – Айгүлдің енесі Наталья Донцова.
Сайлыбаеваның жақындары бұл отбасының қарым-қатынасы тұрақсыз болғанын айтады. Олардың сөзінше, Айгүл, оның күйеуі және енесі арасында жиі жанжал туындап тұрған.
Қазір әйелдің өліміне қатысты тергеу жалғасып жатыр. Германияның құқық қорғау органдары істің егжей-тегжейін ресми түрде жариялаған жоқ.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






