Бір қаланы асырайтын ресурс күлкілі видеолар жасауға жұмсалуда – саясаттанушы
- авторОймақ
- Бүгін, 20:07
- 18
Саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың айтуынша, адамзат XXI ғасырдың екінші ширегіне қадам басқанымен, уәде етілген «гүлденген заман» орнаған жоқ.
«Соңғы онжылдықтардағы басты талас – мұнай мен газ, құбырлар үшін күрес болды», – дейді ол өзінің телеграм парақшасында.
Оның пікірінше, бүгінде бәрі цифрлық технология, нейрожүйе, криптовалюта деп шулап жатқанымен, адамның негізгі қажеттілігі өзгермеген.
«Адамға бәрібір тамақ, су, жылу, жарық керек. Үй салу үшін бетон мен кірпіш қажет. Көлікке – металл мен жанармай. Технология мұның орнын баса алмайды», – дейді Әшімбаев.
Сарапшы цифрлық саланың көп ресурсты «жеп» жатқанын сынға алды.
«Бір қаланы бір жыл асырауға жететін ресурс қазір күлкілі видеолар жасауға жұмсалып жатыр», – дейді ол.
Сонымен қатар, ол техника сапасының да төмендегенін айтады.
«Бұрын адамзат ғарышқа ұшты. Ал қазір бір жыл бұзылмайтын шаңсорғыш жасай алмай отырмыз», – дейді саясаттанушы.
Әшімбаевтың сөзінше, технология көбейген сайын адамдардың өзі ойлау, есептеу, түсіну қабілетін жоғалтып барады. Ал байлық пен пайда аз ғана топтың қолына жиналып жатыр.
«Идеология да, құндылық та – қазір тек халықты басқарудың құралы. Негізгі мақсат – пайда табу», – деп түйіндеді ол.
Сарапшының пікірінше, бүгінгі жүйе ұзаққа баруы мүмкін. Бірақ бір үлкен дағдарыс бүкіл цифрлық әлемді шайқалтып жіберуі де ғажап емес.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





