"Өлгім келді": Отарда соққыға жығылған жігіттің жақындарына жазған хаттары тарады
- авторОймақ
- Бүгін, 09:21
- 21
Әлеуметтік желілерде Отардағы әскери бөлімде соққыға жығылып, жағы сынған мерзімді қызметтегі сарбаз Есбол Қапардың жақындарына жазған хаттары тарады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Politico.kz.сайтына сілтеме жасап.
Бұл жағдайға байланысты тележурналист Гүлмира Әбіқай да пікір білдіріп, гарнизондағы оқиғаның мән-жайын саралауға тырысқанын айтты.
«Үш күннен бері Гвардейск гарнизонында болған жағдай қоғамда қызу талқыланып жатыр. Жапа шеккен сарбаз нақты адамдардың атын атайды. Ал Қорғаныс министрлігі сержанттың қатысы жоқ екенін, бұл екі сарбаз арасындағы төбелес болғанын мәлімдеуде. Тіпті екінші сарбаз кінәсін мойындады делінеді. Оларды ажыратқан куәгерлер бар. Алайда дәл осы күні бөлімдегі бейнебақылау камералары істен шыққан. Жастар Отан қорғаймын деп жүріп, мұндай жағдайға тап болмауы тиіс. Жағы сынғаннан гөрі, олардың сағы сынғаны қорқынышты», – деп жазды журналист.
Желіде жарияланған видеода сарбаздың жақындарына жолдаған жазбалары көрсетілген. Онда ол ауыр психологиялық күйзеліс туралы ашық жазған.
«Асылып өлгім келді. Үйден жіп іздеп таппадым. Жаным қатты қиналды. Пакеттерді байлап көрдім, бірақ үзіліп кетті», – делінген хатта.
Қазір бұл дерек қоғамда кеңінен талқыланып жатыр. Ресми органдар оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






