Прокуратура Сабыров «жалдамалылық» бабы бойынша тергелуі мүмкін екенін айтты
- авторОймақ
- Бүгін, 09:33
- 30
Қазақстанның құзырлы органдары ресейлік соғыс қимылдарына қолдау көрсетті деп айыпталған әзілкеш Нұрлан Сабыровқа қатысты тексеріс жүргізу мәселесін қарастыруда. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев мәлімдеді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап.
Бас прокурордың орынбасарының айтуынша, мәселе Қылмыстық кодекстің «жалдамалылық» бабы төңірегінде өрбіп отыр.
Тексеруге не себеп болды?
Даудың басы Истра қаласының басшысы Татьяна Викушеваның 2025 жылы жазда жариялаған телеграм-жазбасынан басталған. Онда Сабыровтың Истра ауданындағы «Вагнер Истра Легионы» жауынгерлеріне көмек ретінде 10 питбайк (мотоцикл) жібергені туралы ақпарат шыққан.
«Ресей қаһарманы Ратибордың қарамағындағы жауынгерлерге қуатты 10 питбайк жіберіліп жатыр. Командир, көліктерді қабылдап алыңыз», — деп жазған еді Викушева.
Қазіргі таңда бұл жазба өшірілгенімен, оның скриншоттары әлеуметтік желілерде сақталып қалған.
Қазақстан заңы және жауапкершілік
Отандық заңнамаға сәйкес, шетелдегі қарулы қақтығыстарды қаржылай немесе материалдық тұрғыдан қолдаған азаматтар қылмыстық жауапқа тартылады. «Жалдамалылық» бабы бойынша кінәлі деп танылғандар 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Сабыровтың қазіргі жағдайы
Естеріңізге сала кетейік, биыл 6 ақпанда Нұрлан Сабыровқа Ресейге кіруге 50 жылға тыйым салынған болатын. Қазақстанға оралған әзілкеш әлеуметтік желідегі барлық жазбаларын өшіріп, оқиғаға қатысты ресми пікір білдіруден бас тартты. Ол бұл мәселемен заңгерлері айналысып жатқанын ғана айтып, қысқа қайырды.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






