Ауылдарға арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасын іске қосу ұсынылды
- авторОймақ
- Бүгін, 14:04
- 31
Бұл бастаманы Мәжіліс депутаты Ерболат Саурыков көтерді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz.
Депутаттың айтуынша, ауылдардағы баспана тапшылығы – жастар мен жас отбасылардың қалаға көшуіне басты себептердің бірі. Соның салдарынан ауылдарда кадр жетіспеушілігі күшейіп, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті әлсіреп отыр.
Ерболат Саурыков қолданыстағы бағдарламалар, соның ішінде «Ауыл – Ел бесігі» жобасы негізінен инфрақұрылымды дамытуға бағытталғанын, ал тұрғын үй мәселесін жүйелі түрде шешпейтінін атап өтті.
Мысал ретінде ол Қызылорда облысын келтірді. Соңғы үш жылда өңір ауылдарында шамамен 1,8 мың пәтер салынған. Ал 2026 жылы 3,6 мың пәтер тұрғызуға 58,7 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.
Депутат ауылдарға арналған бөлек тұрғын үй бағдарламасын қабылдауды, елді мекендердің арнайы картасын әзірлеуді және жастарды қолдау тетіктерін күшейтуді ұсынды. Оның пікірінше, бұл қадамдар ауылдардың дамуына серпін беріп, көші-қон теңгерімін сақтауға мүмкіндік береді.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.




