Кемінде 12 адам қаза тапты: Ресейлік дрон шахтерлер мінген автобусқа соққы жасады
- авторОймақ
- Бүгін, 10:26
- 50
Энергетикалық компания DTEK-тің хабарлауынша, автобус осы компанияға тиесілі. Сондай-ақ кемінде 12 адам қаза тауып, тағы 16 адам жарақат алғанын мәлімдеді. Сол күні Ресейлік дрон Запорожьедегі перзентханаға да соққы жасады.
“Ресей Днепропетров облысындағы DTEK шахталарына ауқымды террористік шабуыл жасады. Шабуылдардың бірінің эпицентрі – жұмысшыларды ауысымнан кейін тасып келе жатқан қызметтік автобус. 15 шахтердің қаза тапқаны белгілі”, – деп хабарлады Донбасс отын-энергетикалық компаниясы.
Бұған дейін облыстық прокуратура 17 адамның жарақат алғанын хабарлады. Олардың тоғызы ауыр жағдайда. Прокуратура дерегінше, соққы жергілікті уақытпен шамамен 15:45-та жасалған.
Украинадағы тәуелсіз шахтерлер кәсіподағының басшысы Михаил Волынецтің хабарлауынша, төрт ресейлік “шахед” дрон шабуылдаған.
“Қайғылы жағдай Днепропетров облысының Павлоград ауданындағы Терновка қаласында болған. Мұнда 60 жылдан бері “DTEK Павлоградуголь” өндірістік құрылымына кіретін көмір шахтасы жұмыс істейді”, – деп мәлімдеді Украина Ұлттық полициясы.
Украинаның дрондарға қарсы күрес саласындағы жетекші сарапшысы және Қорғаныс министрінің кеңесшісі Сергей Бескрестнов (дәреже атауы “Флэш”) хабарлауынша, автобусты нысанаға алған дрондар нақты уақыт режимінде басқарылған.
Бірінші "шахед" дронының операторы автобусты төменнен көріп, оған соққы жасаған. “Шахед” автобустың жанында жарылды, жарылыс толқыны әсерінен жүргізуші көлікті басқара алмай, қоршауға соғылған. Жарақат алған адамдар бір-біріне көмектесіп, автобустан шығып кетті.
“Ең сорақысы, сол уақытта екінші “шахед” дронының операторы адамдарды көріп, оларды нысанаға алған. Ресей аумағындағы операторлар адамдардың әскерилер емес екенін көріп, оларға әдейі шабуылдаған. Бұл терроризмнің тағы бір фактісі”, — деді Флэш.
Ресей билігі бұл мәлімдемелерге ешқандай түсініктеме берген жоқ.
Жақында Бескрестнов Харьков облысында жолаушылар пойызы да шабуылға ұшырағанын айтты.
DTEK – Украинадағы ірі энергетикалық компаниялардың бірі, ол бизнесмен Ринат Ахметовке тиесілі. Қазан айында DTEK Ресей осы шахтаға соққы жасағанын хабарлаған еді. Сол соққы жасалған сәтте жер астында 192 шахтер болған. Бірақ барлық қызметкерлер еш жарақатсыз жер бетіне шығарылды.
“DTEK Павлоградуголь” қаза тапқандардың отбасына және зардап шеккендерге барлық қажетті көмекті көрсетеміз деп уәде берді.
Бейсенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путиннен “аязды күндері Украинадағы ірі қалаларға бір апта шабуыл жасамаймын” деген уәдесін алған еді. Кейін Кремль бұл үзіліс 1 ақпанға дейін созылатынын хабарлады.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






