Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ Премьер-Министрдің орынбасары – ЖИ және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиевке ресми сауал жолдады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz. Депутаттың сөзінше, Roblox-тың 150 миллионнан астам күнделікті қолданушысы бар, олардың басым бөлігі – балалар мен жасөспірімдер.
Ал ата-аналар мен педагогтер платформаның виртуалды тәуелділік, агрессия, өмірден ажырау және жасына сай емес контент сияқты қауіптер төндіруі мүмкін деп алаңдайды. Сонымен бірге, ашық деректерде платформада педофилдер мен алаяқтар әрекет етуі мүмкін деген ақпарат айтылады. Осы себепті Roblox Түркия, Катар, Ресей, Қытай секілді елдерде бұғатталған.
Қазақстанда әзірге ойынға тыйым салу жоспары жоқ. Министрлік бұған дейін Roblox-ты бұғаттау мәселесі қаралмағанын мәлімдеген.
Психолог: «Қауіп Roblox-тан емес, тәрбие жоқ жерде туады»
Oimaqnews.kz тілшісі бұл мәселеге қатысты психолог Амангелді Мейрамбекұлынан пікір алды.
Ол Roblox-тан трагедия жасаудың қажеті жоқ деп санайды:
«Одан бөлек атыс-шабыс ойыны баланың ойына, болашағына жаман әсер етеді дегенге күмәнім бар. Себебі, кішкентай кезімізде өзіміз де ер бала болып осы тектес ойындарды ойнап өстік. Бірақ замандастарымның арасынан сол ойынның зардабын шегіп жатырмыз деген пікірін әлі естімедім», – дейді маман.
Психологтың ойынша, басты қауіп ойыннан емес, баланы бақылаусыз қалдырудан туады:
«Виртуалды әлемге баланы басыбайлы жіберуге болмайды. Бірақ бұл ата-ананың жауапкершілігі. Әлеуметтік желідегі «алаяқтар банк картасынан ақша ұрлайды», «педофилдер балаларды арбайды» деген пікірлер айтылып жатыр, бұл әлбетте өте қауіпті мәселе. Егер, осы расталса онда үкіметтік деңгейде шектеу қою керек. Десе де, менің 8 жасар балам бұл ойынды ойнайды және әрбір іс-әрекеті менің жіті бақылауымда. Одан бөлек, жоғарыда айтқан «ақша ұрлау, педофил» мәселесін баламмен байыппен сөйлесу арқылы талқылаймыз. Ойын ойнаған кезде сондай қауіптің де барын түсіндіремін, өзімнің балам оның барлығын біледі және ондай нәрсеге сақ екенін айтып отырады», – дейді ол.
Маман бала қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты құралы – ата-анамен қарым-қатынас екенін айтады:
«Әлбетте, алаяқтардың айласы әр түрлі болады және оған алданбауына ешқандай кепіл жоқ. Сондықтан да әрдайым ата-ана ретінде баламды бақылауда ұстап отырамын. Жалпы айтқанда Roblox ойынынан балаға қауіп көріп тұрған жоқпын. Бұзылатын бала бұл ойынды ойнамаса да бұзылады және ол бірінші кезекте отбасындағы атмосфераға байланысты. Егер, баланың ата-анамен қарым-қатынасы нашар болса немесе бала қараусыз қалса, бұзылуы әбден мүмкін. Ал, мен баламның дұрыс жетілуі үшін ойыннан бөлек басқа да қызығушылықтарға баулимын. Мысалға, жатарда әңгімелесеміз, ойын ойнаймыз, паркке, тауға шығамыз, бірге қосылып футбол ойнаймыз. Мұның барлығында салмақ бар. Бұл салмақ Roblox-тан келетін қауіптен сақтап тұрады», – дейді ол.
Сондай-ақ ол көп жағдайда алаяқтардың арбауына балалар емес ересектер түсіп жатқанын жеткізді. Әсіресе, әлеуметтік желідегі коуч-тренерлердің артынан еріп, курс сатып алып миллиондаған қарызға кіріп, алданып жатқан ересектердің жайына маман ретінде алаңдаушылық білдіретінін айтты.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.




