Астанадағы ойын-сауық орындарының бірінде 18 жастағы жігіт қаза тапты
- авторОймақ
- Бүгін, 11:58
- 20
Жаңа жыл қарсаңында Астанадағы ойын-сауық орындарының бірінде демалып жүрген 18 жастағы жас жігіттің қаза табуына байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Астана қалалық Полиция департаменті аталған деректі растады. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, оқиға бойынша «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, абайсызда өлімге әкеп соғу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.
Полиция қызметкерлері күдікті ретінде екі адамды ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамаған.
Тергеу барысында анықталғандай, оқиға түнгі мекемелердің бірінің маңында болған. Жас жігіттер алдымен сөзге келіп қалған, кейін жанжал төбелеске ұласқан. Қақтығыс кезінде 18 жастағы азамат өміріне қауіпті жарақат алып, оқиға орнында көз жұмған.
Полиция өкілдері қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатқанын мәлімдеді.
Сонымен қатар департамент қала тұрғындары мен қонақтарын ойын-сауық орындарында қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырды. Құқық қорғау органдары кез келген заңға қайшы әрекет үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.
Қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






