Қаламгерлерге мемлекет тарапынан қанша қаламақы төленетіні белгілі болды
- авторОймақ
- Бүгін, 17:05
- 15
- Ұлттық құндылықтарға, ұлт руханиятына қатысты Мемлекет басшысының Жолдаулары мен Ұлттық құрылтай отырыстарында берген тапсырмаларын іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл ретте еліміздің мәдениетін сақтауға және дамытуға зор үлес қосқан аса дарынды шығармашыл қызметкерлерді мемлекеттік қолдау мақсатында ақын-жазушыларға Президенттік арнаулы әдеби сыйлығы, мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендия тағайындалады. 2022 жылдан бері «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы (7 номинация бойынша әр сыйлыққа 5 млн теңге қарастырылған), «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы беріледі, - деді Үкімет басшысы.
Премьер-министр әдебиет саласында жоғары шығармашылық жетістіктерге жеткен қаламгерлерге берілетін «Қазақстанның халық жазушысы» құрметті атағы қайта қалпына келтірілгенін еске салады.
- Мемлекет тарапынан қаламгерлерге қаламақы төлеу жұмысы жүйелі түрде жүргізілуде. Қаламақы мөлшері – 2025 жылы 1 авторлық параққа (22-23 бет – ред. ескертпесі) 510 мың теңге. Сонымен қатар «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы аясында 20 жас қаламгерге грант (әр грант иесіне 5,1 млн теңге қаражат қарастырылған) тағайындалады, - деді Олжас Бектенов.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса елімізде Әдебиет институтын ашылса, қаламгерлер алаңсыз шығармашылықпен айналысуы үшін еңбегіне лайықты қаламақы төленсе деген ұсынысын білдірген еді..
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






