Шымкентте жаға ұстатарлық жағдай болды. Қызды өз үйінде аяусыз ұрып-соғып, зорлап кеткен. Заңгер Айгүл Орынбек Sputnik Қазақстан тілшісіне қылмыстың ауырлығын дәлелдеу мүмкін болмай жатқанын айтты.
Қыздың мүшкіл хәлін бейнежазбадан көрген адамның тіксініп қалары хақ. Бет-аузы қан жоса, денесінде сау-тамтық жоқ.
"Бұл оқиға Шымкентте қыркүйекте болған. Жәбірленуші қыздың әпкесі бізге келіп көмек сұрады. Ол кісі осы оқиғаға қатысты іс жабылайын деп жатқанын айтты. Біз заңгерлік көмек көрсетіп, қылмыстық іс 121-бап бойынша ашылды", - дейді заңгер Айгүл Орынбек.
Алайда зорлық-зомбылықтың аса қатыгездікпен жасалғанын дәлелдеу заңгерлерге қиынға соққан.
"Сараптама ауыр жарақат деген қорытынды жасай ма деп күттік. Бірақ сараптама қортындысы жеңіл дене жарақаты деп шығарып берді. Біз онымен келіспей, комиссиялық сараптама тағайындауды сұрадық. Алайда Шымкент қаласы прокуратурасының өкілдері "прокурордың бірінші орынбасары Ержан Марат келісім бермей жатыр" деп, комиссиялық сараптамадан бас тартты", - дейді заңгер.
Айгүл Орынбектің айтуынша, қыздың денесінде сау-тамтық жоқ.
"Қызды ұрып-соғып, құлағын жыртып жіберген. Аяусыз соққыға жыққан. Құлағы ғана емес, жатырын да жыртып жіберген. Көршісі бірінші болып көмек берген, бейнежазбаны көршісі түсірген. Қылмыстық оқиға қыздың үйінде болған. Күдікті – жас жігіт", - дейді Айгүл Орынбек.
Дәл осындай дене жарақатын сот-медициналық сараптама жеңіл жарақат деп шығарып берген.
"Прокурордың бірінші орынбасары Ержан Марат комиссиялық сараптамаға рұқсат бермегендіктен қыздың бейнежазбасын туыстары әлеуметтік желіге салуға мәжбүр болды. Біз комиссиялық сараптама сұрағаннан кейін біздің өтінішімізді қанағаттандыру керек еді. Алайда олай болмады. Прокуратура не үшін рұқсат бермегенін білмейміз", - дейді Айгүл Орынбек.
Шымкент қалалық полиция департаменті оқиға 12 қыркүйекте болған дейді.
"Қылмыс жасады деген күдікті сол күні ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Қылмыстық іс шеңберінде материалдың толықтығын қамтамасыз ету үшін қосымша тергеу әрекеттері жүргізіледі. Күдікті қамауға алынды", - дейді ведомство.
Sputnik Қазақстан прокуратураға сұрау жолдады. Қадағалаушы орган әзірге жауап бермеді.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






