бейсенбі, 28 тамыз, 2025 16:22

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

"Алаңдардың сапасына назар аудару керек": "Қайраттың" бапкері ойыннан кейін пікірін білдірді

"Алаңдардың сапасына назар аудару керек": "Қайраттың" бапкері ойыннан кейін пікірін білдірді
Фото: sports.ru
Ол чемпионаттың деңгейі жоғары болса, сәйкесінше барлық құрамдас бөліктер де жақсаратынын айтты.

"Қайрат" футбол клубының бас бапкері Рафаэль Оразбахтин Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне өткеннен кейін команданы күтіп тұрған Еуропа футболының алпауыттары туралы өз ойыншыларына не айтқанымен бөлісті, деп хабарлайды Sports.kz.

"Чемпионат, кубокты жеңіп алу және Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өту деген мақсат болды . Біз бір тапсырманы орындадық. Чемпиондар лигасының топтық кезеңі деп ойламаған шығармыз. Біз ең құрығанда Конференция лигасында ойнағымыз келеді деп ойладық. Енді мына жеңістен кейін мен жігіттерге өмірде бәрі мүмкін, тек сену керек екенін тағы айттым. Біз ол жаққа жолдама алғанымызға әлі де сене алмаймыз", - деді Оразбахтин.

Сондай-ақ алматылық команданың бас бапкері Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде қандай қарсыласты қалайтынын да айтты.

"Мен бұл туралы армандаған да емеспін. Бірақ ойын алдында біз жігіттерге жалпы топта бізді күтіп тұрған командаларды көрсеттік. Ол жерде тек ірі клубтар болды. Жігіттерге көрсетіп, ол тізімді басып шығарып, киім ауыстыратын бөлмеге іліп қойдық. Жігіттер көріп, мотивация алсын дедім. Әрине, біз Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ең атақты клубтармен кездескіміз келеді. Өйткені бұл өмірде бір рет болатын шығар. Әрі десе, бізде Глазгодағыдай стадион болса, тіпті тамаша", - деді Оразбахтин.

Ол чемпионаттың деңгейі жоғары болса, сәйкесінше барлық құрамдас бөліктер де жақсаратынын айтты. Сонымен қатар, бас бапкер Алматыдағы стадион алаңына, анығырақ айтқанда, газонның күйіне көңілі толмайтынын жеткізді.

"Алаң сапасы нашар деп айтуға болады. Егер маусымның басында алаң Қазақстандағы ең мықтылардың бірі болса, қазір шынымды айтсам, олай айта алмаймын. Иә, бәлкім, бұл жеңісте алаң бізге қандай да бір жолмен көмектескен шығар, өйткені егер алаң Глазгодағыдай сапада болса, доп өте жылдам қозғалады, онда бізге қиынырақ болар еді", - деген ол Селтик допты бақылауды, жылдам пас ойнауды ұнататын команда екенін еске салды.

Оразбахтин алаң сапасына Дженнифер Лопестің концерті әсер еткен болуы мүмкін екенін астыртын жеткізді.

"Мүмкін осында өткен концерт біраз әсер еткен шығар. Мен агрономмен сөйлестім, ол алаңның он жылдан бері тұрғанын айтты. Оны жақында қиып, қайтадан төсеу керек. Өкінішке қарай, бұған дейін мұндай мүмкіндігі болмады. Енді үш апталық үзіліс болады, ол бір амалын табуға талпынып көреді. Бірақ шөптің шығуы үшін уақыт қажет", - деді бас бапкер.

Ол дегенмен алаңдардың сапасына назар аудару керек, өйткені Қазақстандағы алаңдардың сапасы төмен екенін мәлімдеді.

"Егер біз еурокубоктарда жақсы деңгейде ойнағымыз келсе, стадионды да, алаңдарды да жақсартуымыз керек. Бұл ғана емес, бізге көп іс атқару керек. Бұл жүйелі жұмыс, мемлекеттік деңгейде болуы керек. Біз Глазгода болдық. Онда 50-60 мың орынға арналған стадион бар. Оларда апта сайын, тіпті аптасына екі рет матчтар өтеді. Адамдар үшін бұл қандай мереке! Неге біз мұны істей алмаймыз? Неге біз нашар алаңдарда ойнауымыз керек? Мен біздің басшылардың қайда қарап отырғанын білмеймін. Бәлкім, біздің жетістігіміз мемлекет футболға, стадиондар мен алаңдарды дамытуға көңіл бөлуіне қосымша серпін берер. Солай деп үміттенеміз", - деді Оразбахтин.

Еске салайық, 26 тамызда алматылық "Қайрат" Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі матчта шотландиялық "Селтикті" пенальтилер сериясында жеңіп, тарихта тұңғыш рет Еуропадағы ең беделді клубтық турнирдің топтық кезеңіне жолдама алды.

 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар