Президент: Жасанды интеллект мемлекеттік органдардың жұмыс тиімділігін арттырады
- авторОймақ
- Бүгін, 16:58
- 13

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, жасанды интеллект мемлекеттік органдардың жұмыс тиімділігін арттырады.
Қазір ChatGPT қағидатымен жұмыс істейтін кейбір жобалар енгізіліп жатыр. Бұл тәсілдер азаматтардың өтініштеріне жауап беруге септігін тигізуде. Дегенмен мұны алдағы үлкен жұмыстың алғашқы қадамы ғана деуге болады. Озық технологияның әлеуеті бұдан әлдеқайда жоғары. Жасанды интеллект мемлекеттік аппараттың жұмысын мейлінше жеңілдетуі керек. Бұл – өте маңызды міндет. Қазақстанда қызметтердің басым бөлігі әлі де «цифрлық фиксация» күйінде. Яғни құжаттар электронды түрде беріледі, өңделеді, бірақ рәсімдеудің өзі мемлекеттік қызметшінің араласуын талап етеді. Шын мәнінде, бұл – қағаз жүзіндегі бюрократияны цифрлық форматқа көшіру ғана. Бұдан тиімділік еш артқан жоқ. Біз жасанды интеллектіні қолданып, қандай қызметтерді толық өзгертуге болатынын нақты айқындап алуымыз керек. Ал одан босаған ресурстарды басқа да күрделі әрі пайдалы жұмыстарға жұмсауға болады. Сондықтан Үкімет үш айдың ішінде мемлекеттік қызмет көрсету саласына жасанды интеллектіні енгізу бойынша нақты шаралар әзірлеуі керек. Әсіресе, өтініштерді қарау және шешім қабылдау жұмысында кеңінен пайдаланған жөн. Бізге тұтас мемлекеттік басқару жүйесінде қолдануға болатын нақты тетіктер өте қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласында жасанды интеллект технологиясын пайдаланудың маңызына назар аударды. Оның айтуынша, медицина саласында ауқымды ақпарат жинақталған. Жасанды интеллект көмегімен олардың негізінде дұрыс диагноз қоюға, ем-шара тағайындауға және науқастарға мониторинг жүргізуге арналған құралдар дайындауға болады.
Әлемде дәрігерлерді күнделікті бірсарынды жұмыстан босатып, олардың маңызды клиникалық шешімдер қабылдауына мүмкіндік беретін технологиялар белсенді қолданылады. Қазақстанда да перспективті медициналық стартаптар бар. Алайда бюрократия олардың әлеуетін шектеп отыр. Бір жағынан еліміздегі медициналық ақпарат жүйелерінде біртұтас алгоритм жоқ, әрқайсысы дербес дамып жатыр. Бұл жасанды интеллектінің медицина саласына енгізілуін тежейді. Денсаулық сақтау саласын цифрландыру ісіндегі жүйесіздік түрлі заңбұзушылықтарға жол беруде. Мысалы, былтыр әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аудит жүргізілді. Сол кезде қомақты қаражаттың шығын болғаны анықталды. Цифрлық тәсілдер медицина саласының ашық және тиімді қызмет етуіне ықпал етеді,– деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект саласын реттеу тетіктерін жетілдіруді тағы бір маңызды міндет ретінде айқындады.
Оның айтуынша, бүкіл әлемде жасанды интеллектіні пайдаланудың құқықтық негізі белсенді қалыптасып жатыр.
Еуропа Одағы, АҚШ, Қытай және Канада қауіп-қатерлер мен ықтимал мүмкіндіктерді ескере отырып, саланы реттеудің төл моделін жасақтауға кірісті. Қазақстан да өзінің нормативтік базасын қалыптастыруға тиіс. Осы орайда, озық халықаралық тәжірибеге сүйенген жөн. Ұлттық басымдықтар басты назарда болуға тиіс. Жалпы, жасанды интеллект туралы тиісті заңды қабылдау – шұғыл міндет. Оны орындауға Үкімет баса мән беруі керек. Құжатта инновация, жауапкершілік, қауіпсіздік мәселелері тең дәрежеде ескерілуі керек. Сондай-ақ азаматтардың құқығын, кәсіпкерлердің мүддесін қорғау ісіне мән берілуі қажет. Заң жасанды интеллектіні дамытуға бөгет болмауға тиіс. Ереженің бәрі айқын әрі түсінікті болғаны жөн. Яғни инвестиция тартуға және технологияларды енгізуге барынша қолайлы заң әзірлеу қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Президент цифрлық инфрақұрылымды дамытудың маңызына назар аударып, Үкімет мүшелеріне ABCDE моделі (AI, Big data, Cloud, Data Centers, Education) негізінде ұлттық цифрлық ландшафт құрылымын қайта қарау туралы тапсырма берілгенін еске салды.
Біз жақында Орталық Азиядағы ең ірі суперкомпьютер кластерін іске қостық. Енді оны іс жүзінде кәдеге жаратуымыз қажет. Бірақ мәз болып, босаңсуға болмайды. Тиісті жұмыс әлі алда. Есептеу ресурстары баршаға бірдей қолжетімді болуы керек. Суперкомпьютердің мүмкіндіктерін толық пайдалану қажет. Осыған орай Үкіметке суперкомпьютердің қуатын әділ бөлу ережесін әзірлеуді тапсырамын. Келешегі зор стартаптар мен ұлттық маңызы бар жобаларға басымдық беру керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент бүкіл мемлекеттік және квазимемлекеттік цифрлық экожүйені– біртұтас платформаға көшіруді тапсырды.
Мұндай тәсіл түпкілікті интеграцияны, архитектуралық үйлесімділікті қамтамасыз етіп, артық шығынды болдырмайды және толыққанды деректер массивтерін қалыптастырады. Биыл шілде айында QazTech ұлттық цифрлық платформасы өнеркәсіптік пайдалануға берілді. Ол бүкіл цифрлық әзірленім процестерін орталықтандырып, оларды енгізу уақытын қысқартады. Платформаны жаппай қолданысқа енгізу мақсатында 2026 жылдың қаңтарынан бастап QazTech-тен тыс жаңа ақпараттық жүйелерді құруға мораторий енгізіледі. Әрбір жағдай бойынша шешімді Цифрландыру жөніндегі комиссия қабылдауға тиіс. Үкімет 2026 жылы бірінші тоқсанның соңына дейін QazTech платформасының толық ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету процедурасын аяқтауы керек, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы деректерді басқару тиімділігін арттыру, сондай-ақ киберқауіпсіздікті күшейту мәселесін көтерді.
Жасанды интеллектінің дамуымен қауіп-қатердің мүлдем жаңа түрлері пайда болды. Үйреншікті әрекет ету механизмдері оған бейімделіп үлгермей жатыр. Нейрожелілер көмегімен адамның биометриялық көшірмесі жасалатынын, дауысын, бет әлпетін, тіпті мінез-құлқын айнытпай салуға болатынын бәріміз көріп отырмыз . Бұл азаматтардың жеке мәліметі мен банк есепшоттарына қол жеткізуге, қоғамдық пікірді бұрмалайтын жалған бейнероликтер жасауға мүмкіндік береді, – деді Президент.
Одан әрі Мемлекет басшысы ақпараттық жүйелердің осал тұстарына тоқталды.
Жыл басынан бері деректердің қолды болуына байланысты 40-тан астам факті тіркелді. Ең ірі оқиға маусым айында болды. Мұндай инциденттердің басым бөлігі жеке секторда орын алады. Бірақ мемлекет еліміздегі цифрлық қауіпсіздіктің жалпы деңгейіне толық жауап беруге міндетті. Киберқауіпсіздік саласындағы бүгінгі ахуал құзыреттердің дұрыс бөлінбеуі және шашыраңқылығы салдарынан күрделеніп отыр. Бір жағынан ақпараттық қауіпсіздікке Цифрлық даму министрлігі құрамындағы Ақпараттық қауіпсіздік комитеті мониторинг жүргізеді. Екінші жағынан қауіпсіздік талаптары бойынша техникалық сынақтар жүргізу және сертификаттау Ұлттық қауіпсіздік комитетіне бағынышты Мемлекеттік техникалық қызмет құзырында. Бірыңғай басқару вертикалінің болмауы және функциялардың қайталануы мемлекеттік органдардың киберқауіпке қарсы баяу әрекет етуіне себеп болады. Бұл жағдайды тез арада түзеу керек, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев қорғалған коммуникацияны қамтамасыз етуді тағы бір маңызды міндет ретінде атады.
Қазіргі кезде іскерлік және қызмет бабындағы байланыстың, соның ішінде азаматтардың жеке деректерін беру үдерісінің басым бөлігі халықаралық мессенджерлер арқылы жүзеге асады. Бұл платформаларда жеке сәйкестендіру нөмірін, азаматтардың денсаулығы туралы мәліметті және басқа да деректерді жиі сұрайды. Мұндай тәжірибе жеке мәліметтерді қорғау туралы заңнамаға қайшы және ұлттық юрисдикциядан тысқары жерге деректердің тарап кетуіне әкеліп соғады. Қазақстанда отандық Aitu мессенджері әзірленді. Ол тиісті қауіпсіздік деңгейін қамтамасыз ете алады. Үкімет жеке деректерді қолданатын барлық коммуникацияны қорғалған ұлттық мессенджерге көшіру мәселесін пысықтауы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.