дүйсенбі, 23 маусым, 2025 18:55

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Сенаторлар жаңа салық кодекстіне түзетулер енгізуді ұсынды

Сенаторлар жаңа салық кодекстіне түзетулер енгізуді ұсынды
фото сенат
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті.

Онда депутаттар маңызды заңдар топтамасын қарады.

 

Сенаторлар алдымен, жаңа Салық кодексін және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» қарап, талқылады. Бұл заңдар Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында белгілеп берген міндеттерді іске асыру мақсатымен әзірленген және қолайлы бизнес-орта мен инвестициялық ахуал қалыптастыруға бағытталған. Олар салық төлеушілерге ел аумағындағы экономикалық қызметті жүргізу жағдайларының тұрақтылығы мен айқындылығына негізделген өз қызметін анықтауға мүмкіндік береді.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ел экономикасының дамуына үнемі баса мән беріп келеді. Экономиканың тұрақты өсуі салық саясатының тиімділігіне тікелей байланысты екені анық. Осыған орай Мемлекет басшысының Жолдауда берген тапсырмасын іске асыру үшін фискалды реттеу ісін қайта жаңғыртуды көздейтін жаңа Салық кодексі әзірленді. Кодекстің мақсаты – салық жүйесінің әділ, тиімді және жаңа экономикалық даму талаптарына сай болуын қамтамасыз ету. Осы ретте құжатта экономиканың түрлі саласында дифференциалды салық мөлшерлемесі қарастырылып отыр. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өндірушілеріне, әлеуметтік және қоғамдық маңызы бар жекелеген салаларда жеңілдетілген мөлшерлеме белгіленді. Сондай-ақ дифференциалды корпоративтік және жеке табыс салықтары енгізілді. Бұдан былай, аса қымбат мүлік иелеріне де «сән-салтанатқа салық» салынатынын атап өткен жөн», – деді Палата Спикері.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев жаңа Салық кодексінің тағы бір басымдығы салық төлеушілермен қарым-қатынастардың сервистік моделіне көшу екенін айтты. Инвесторларды ынталандырудың қосымша шаралары және табиғи ресурстарға салық салу тиімділігін арттыру бойынша жаңа нормалар көзделген. Құжатта арнайы салық режимдері мен салықтық жеңілдіктер де оңтайландырылған.

Сенаторлар заңдарда қарастырылған нормаларды концептуалды тұрғыдан қолдап, Кодекске бірқатар түзету енгізуді ұсынды.

«Палата жаңа Салық кодексін қарау барысында оның жекелеген ережелерін мемлекеттің, шағын және орта бизнестің, сондай-ақ, қоғамның мүддесін ескере отырып, қайта қарауды ұсынды. Сол арқылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушілерді, шағын және орта кәсіпкерлік, қор нарығы субъектілерін және экономиканың басқа да салаларын қолдау көзделген. Алдағы уақытта бүгін қаралған жаңа Салық кодексі Президентіміздің бастамасымен жүргізіліп жатқан реформаларды табысты іске асыруға, ұлттық экономиканы серпінді және тұрақты дамытуға оң септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Талқылау нәтижесінде Сенат жекелеген баптардың жаңа редакциясын ескере отырып, Салық кодексін және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды Мәжіліске қайтарды.

Депутаттар екі оқылымда қарап, мақұлдаған келесі заң тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы заңнаманы жетілдіруді көздейді. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, кәсіпкерлік және экспорттық-кредиттік агенттіктің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң ашықтықты арттыруға және көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару жүйесін жетілдіруге арналған. Сондай-ақ кондоминиум объектісін басқарудың екі нысанын енгізу, тұрғын үй инспекциясының құзыреттерін кеңейту және жылыту маусымына инженерлік желілер мен жабдықтарды, мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін лифтілер мен көтергіштерді, өртке қарсы жүйелерді бақылауды қамтамасыз ету мәселелеріне баса мән берілді.

Палата отырысында «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және оны қолданысқа енгізу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң да қаралды. Сенаторлар құжатты жекелеген баптарға қатысты ұсыныстардың жаңа редакциясымен Мәжіліске қайтарды. Енгізілген түзетулердің негізгі мақсаты салық саясатын және салық салудың жекелеген тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ, жеке тұлғалардың табыстары мен мүліктерін жалпыға бірдей декларациялау жүйесін оңтайландыру екенін айта кеткен абзал.

Сенат депутаттары күн тәртібіне шығарылған «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды да қарап, мақұлдады. Заңдағы маңызды түзетулердің бірі – көппәтерлі үй мүлкінің меншік иелері бірлестігінің төрағасы мен кондоминиум объектісін басқару субъектісі үшін кондоминиум объектісін басқару жөніндегі ай сайынғы және жылдық есептерді ұсыну мерзімдерін бұзғаны үшін жеке жауаптылық енгізу болды. Бұдан басқа, айыппұлдар үйді басқаруды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғаға қолданылады деген ескертпе көзделген.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар