Бүкіл адамзаттың игілігіне бағыттау – бәріміздің ортақ міндетіміз – Мәулен Әшімбаев
- авторОймақ
- 4 маусым, 2025
- 71

Сұхбат барысында қол жеткізілген нәтижелермен бірге data-орталықтарды дамыту, цифрлық теңсіздікті жою, IT кадрлар даярлау және заманауи АI-технологияларды енгізу сияқты жаңа міндеттер де сөз болды.
Талқылауға Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастамашы болды. Подкастқа Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев, inDrive компаниясының негізін қалаушы және бас директоры Арсен Томский, сондай-ақ «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Әсел Жанасова қатысты.
Палата Спикері атап өткендей, цифрландыру жаңа технологияларды енгізуді ғана емес, өмірдің барлық саласын жүйелі түрде өзгертуді көздейді.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды жасанды интеллект кеңінен қолданылатын және цифрлық технологиялардың дамуына жағдай жасалған Еуразияның цифрлық хабына айналдыруды міндет етіп жүктеді. Бұл – биік, дегенмен қол жеткізуге болатын нақты мақсат. Оны іске асыру үшін кәсіби кадрларға, заманауи инфрақұрылымға және тиімді жасанды интеллект шешімдеріне сүйене отырып, толыққанды цифрлық экожүйе қалыптастыруымыз керек. Сонда ғана қазіргі жаңа технологиялар заманында өзіміздің лайықты орнымызды ала аламыз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Подкаст барысында KazLLM ұлттық тіл моделін құруға, Alem.AI Халықаралық жасанды интеллект орталығын іске қосуға, елімізде data-орталықтар желісін дамытуға және Қазақстанға аймақтағы ең қуатты суперкомпьютерлердің бірінің жеткізілуіне қатысты мәселелер де талқыланды. Сондай-ақ қатысушылар цифрлық егемендік мәселелеріне, атап айтқанда, технологиялық тәуелсіздіктен бастап отандық ЖИ өнімдерін жаһандық нарыққа экспорттауға дейінгі жұмыстарға назар аударды.
«Қазір әлем ауқымды өзгерістердің табалдырығында тұр. Біз осы үдерістен тыс қалмауымыз керек. Жасанды интеллект үлкен мүмкіндіктермен бірге айтарлықтай сын-қатерлер де туғызатыны белгілі. Сондықтан бұл саланың дамуын адамдардың, елдердің және бүкіл адамзаттың игілігіне бағыттау – бәріміздің ортақ міндетіміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.
Ұқсас жаңалықтар
Қасым-Жомарт Тоқаев: Ұлт рәміздері – Тәуелсіздігіміздің киелі бойтұмары
- авторОймақ
- 4 маусым, 2025