"Бұл шешім мектеп ішінде салқынқанды, эмоциясыз қабылдануы тиіс": Сүлейменова оқудан шығарылған оқушыға қатысты пікір білдірді
- авторОймақ
- 29 мамыр, 2025
- 48

Кешелі-бері елдің назары Назарбаев Зияткерлік мектебінің айналасынан шыққан дау-дамайға ауды. Оқушының мектептен шығарылуы, әлеуметтік желіде дүр еткен эмоциялы пікірлер, «тәрбие қайда қалды?» деген риторикалық сұрақтар мен «грантты неге алып қойды?» деген салмақты сауалдар. Осы оқиға турасында Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова біржақты үкім айтудан гөрі мәселенің тереңіне үңілу қажеттігі туралы Qaz365.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.
Журналист оқушының басқа мемлекеттік мектепке ауыстырылуын мемлекеттік білім беру жүйесін «төмен санау» ретінде бағалауға бола ма деген сауал тастады.
«Енді негізі бұл жерде бірнеше мәселені басын ашып айту керек. Біріншіден, бала академиялық адалдық принциптерін бұзды. Екіншіден, статусы заңмен қорғалған мұғалімге өте ауыр сөзбен тіл тигізді. Сондықтан Зияткерлік мектептің кез келген оқушысы бұның арты не болатынын жақсы біледі. Өйткені, ішкі тәртіп ережесі бар. Ол тәртіп ережесіне оқуға қабылданғаннан бастап қол қояды және тәрбие жұмыстары жүргізіледі, – деді депутат.
Дегенмен, Сүлейменова бұл жағдайда тереңірек екі мәселені байқағанын айтты. Оның бірі – Зияткерлік мектептердегі тәрбие жұмысының әлсіреуі. Өйткені, бұл мектептерде кураторлық жүйе мен толық күндік оқыту форматы бар. Алайда дәл осы жүйе қазіргі таңда құндылыққа негізделген тәрбие беру мәселесіне келгенде сұрақтар тудырып отыр.
«Бұл қоғамға берілген үлкен сигнал деп санаймын. Сондықтан Зияткерлік мектептің бүгінгі басшылығы осы мәселеге ерекше көңіл бөлуі керек», – деді ол.
«Бір шешімімен ғана оқушы гранттан айырылмауы керек»
Сүлейменова педагогикалық кеңестің оқушыны шығару шешіміне жеке жауапкершілікпен қарауы тиіс екенін айтты. Алайда оқушының оқудан шығарылуы – оның академиялық жылы толық аяқталмағаны дегенді білдірмейді.
«Бір нәрсе айқын: бала 11-сыныпты аяқтады. Ол жалпы білім беретін мектеппен салыстырғанда 10-сынып. Жалпы мектепте 10-сыныптан кейін емтихан жоқ. Зияткерлік мектепте тілдік екі емтихан бар. Бала тәртіп бұзса да, оқу жылын аяқтау үшін екі емтихан тапсыруы керек деп есептеймін. Сол кезде ғана жылды тәмамдаған болып саналады. Одан кейін тәртіптік шараны қолдануға болады», – дейді депутат.
Оқушының бұлайша мемлекеттік мектепке өткізілуі – НЗМ-нің оқушыны тек жақсы оқығаны үшін ғана ұстап, тәртіп бұзса, жауапкершіліктен жалтаратын ұйымға айналғанын білдірмей ме? Депутат бұл мәселеге тереңірек үңілу қажет деп есептейді.
«Балаға мемлекет қаржы бөлді, ол – Президенттің «Өркен» грантының иегері. Оны қабылдағанда басқарманың арнайы бұйрығы болды. Енді оқушы құқық бұзса, оқудан шығарылса, орталық аппарат та жеке бұйрық шығаруы тиіс. Тек мектептің шешімімен баланы гранттан айыру – бұл құқықтық коллизия. Осы мәселені тереңірек қарау керек, – деді Сүлейменова.
Журналист «баланы мектептен шығару дұрыс па, бұрыс па?» деп сұрағанда, депутат еш тарапты жақтай алмайтынын айтты.
«Бұл шешім мектеп ішінде салқынқанды, эмоциясыз қабылдануы тиіс. Зияткерлік мектеп тәртіпсіз баланы қарапайым мектепке ауыстыра берсе, ертең не болады? Төрт жыл бойы мемлекет бөлген қаржы мен баланың тағдырына кім жауап береді? Бұл өте көп сұрақ тудыратын мәселе», – деді депутат.
Ол сондай-ақ оқушы тарапынан айтылған мұғалімге қатысты ауыр сөзді де айыптады.
«Ең ауыр нәрсе – оқушының мұғалімді жеңіл жүрісті әйелмен теңеуі. Бұл мұғалімдік болмысты таптайтын, ар-намысты аяққа басатын сөз. Оқушыны ақтамаймын. Бірақ бұл жағдайда салиқалы, байсалды шешім қажет еді. Зияткерлік мектепке мұндай резонанс керек пе? Ата-аналар ойланып отыр. Бірақ мен бұл мектептердің академиялық білімін өте қажет деп есептеймін. Дегенмен тәрбиеге қатысты сұрақ бар. Оны қайта қарау керек. Себебі буын өзгерді, заман өзгерді, балалардың қабылдауы да өзгерді, – деді Сүлейменова.
Ол НЗМ орталық аппараты мен тәрбие департаментінің жұмысына да күмәнмен қарайтынын жасырмады.
«Соңғы төрт жылда қанша қаражат бөлінді? Олар немен айналысып жатыр? Қандай әдістемелік жұмыс жүргізілді? Кураторлық қызмет қажет пе, жоқ па? Бұл – күн тәртібіндегі сұрақ, – деп түйіндеді мәжілісмен.
Журналист мұғалімдердің жалақысы жайлы сұрақ қойған кезде Сүлейменова Зияткерлік мектептегі жалақының бүгінде кәдімгі мектептермен салыстырғанда төмен екенін растады.
«Бұрын бұл мектептердегі жалақы нарықтағы ең тартымдысы болатын. Қазір ол сағатпен төленеді. 36 сағатқа төленетін бұрынғы жүйе алынып тасталды. Жоғары білім берген пән мұғалімдері төмен айлық алып жатыр. Оны қайта қарау керек. Бірақ мәселе білімде емес, тәрбиеде. Қазір тәрбие стратегиясын қайта қарау қажет, – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.