
«ҚР ҰҚМК қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде жедел-тергеу іс-шараларын жүргізу барысында, халықаралық ұйымдасқан қылмыстық топ «Братский кругтың» құрамына кірген, өзін «ұрылардың ұры» деп атайтын К.Асанбектің (Камчы Кольбаевтың) қылмыстық әрекетін қаржыландыру фактілері анықталды. Бұл қаржыландыру Қазақстан Республикасының ірі кәсіпкерлерінің бірі – Ерканат Берікбайұлы Жұмабеков тарапынан жүргізілген. Е. Жұмабеков К.Асанбектің қылмыстық әрекеттері: кәсіпкерлерден жүйелі түрде рекет, бопсалау және ақша жинау арқылы қаражат алып отырғанын біле тұра, өзінің іскерлік мүдделерін қолдау мен ілгерілету, сондай-ақ ТМД аумағындағы экономикалық жобаларын жүзеге асыру мақсатында қолдау мен қамқорлық алу ниетімен оған қаржылай көмек көрсеткен», – делінген бейсенбі күнгі хабарламада.
Қырғызстан тарапының мәліметінше, Жұмабеков пен Көлбаевтың арасында достық қарым-қатынас болған, олар Ыстықкөл облысындағы «Барс» демалыс орнында бірнеше рет кездесіп, бірге уақыт өткізген. Сонымен қатар, ол ҰҚТ басшысының жақын туыстарына Алматы қаласына сапарлары кезінде қаржылай көмек көрсеткен.
«Жиналған материалдардың негізінде Е. Жұмабековке қатысты Бішкек қаласы Октябрь аудандық сотының қаулысымен сырттай қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылып, ол іздеуге жарияланды», – деп толықтырды Қырғызстанның ҰҚМК.
Қамшыбек Көлбаев (Камчыбек Асанбек) – Қырғызстандағы ең ықпалды қылмыстық тұлғалардың бірі ретінде танылған. Ол Қырғызстанда және оның аумағынан тыс жерлерде, соның ішінде Қазақстанда да рекет, бопсалау және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырумен айналысқан трансұлттық қылмыстық ұйымды құрды деген күдікке ілінген. 2020 жылы ол қылмыстық топ құрды деген күдікпен ұсталып, кейін ірі кепіл енгізілген соң ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған. 2023 жылдың тамызында оған қатысты қылмыстық іс қылмыстардың 2007–2009 жылдары жасалуына байланысты қылмыстық жауапкершілік мерзімінің өтуіне орай тоқтатылды.
2023 жылғы 4 қазанда Бішкекте арнайы операция кезінде оны ұстауға әрекет жасалған сәтте Көлбаев көз жұмды. Оның өлімінен кейін мемлекет оның және отбасы мүшелерінің атына тіркелген бірнеше жүздеген пәтер, көлік құралдары мен бизнес үлестерін тәркілеуді бастады.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.