Алматыда бастауыш білім беру жүйесінің өзекті мәселелері талқыланды
- авторОймақ
- Бүгін, 18:24
- 77

2025 жылғы 25 сәуірде Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Заманауи бастауыш білім беру: жаһандану мәселелері және цифрлық трансформациялау» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілді.
Ғылыми жиынға еліміздің әр өңірінен және шетелден келген жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы, ғылыми қызметкерлер, колледждер мен мектептердің өкілдері, докторанттар, магистранттар және студенттер қатысты.
Қырғызстанның И.Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінен келген ғалым конференцияның маңыздылығын және өзіне пайдалы ақпарат алғанын атап өтті.
«Қазақ-қырғыз бір туған. Бүгінгі конференцияға келгеніміздің себебі – бастауыш мектепте балаларды оқыту әдістемесін бір-бірімізге үйрету, тәжірибе алмасу. Балалар – біздің келешегіміз. Бастауыш мектеп жасындағы балалар – тұлғаның қалыптасуындағы басты іргетас. Оларды осы жастан бастап жақсы оқытып алсақ, болашақта білімді болып шығады. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінен көп жаңалық, тәжірибе алдық. Эстония сияқты өзге де шет елдерден ғалымдар келіп, баяндама жасады. 80 жылдық тарихы бар QyzPU-дан көптеген түлек шыққан, болашақта да өркендеуіне тілектеспіз», – деді Педагогика ғылымының кандидаты, доцент. Педагогика және психология институты Магистратура бөлімінің басшысы Динара Мырзадаирова.
Конференция үздіксіз педагогикалық білім берудің перспективалары, кәсіби стандарттан дамудың жеке траекториясына дейін, қазіргі бастауыш мектепте оқыту нәтижелерін бағалау сапасы мен мониторинг, цифрлық орта жағдайында бастауыш мектепте білім беру мен тәрбие үдерісіндегі инновациялық технологиялар жүйесі, бастауыш мектепте инклюзивті білім беру және психологиялық-педагогикалық қолдау сияқты бағыттар бойынша өтті. Шара QyzPU Педагогика және психология институтының Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі кафедрасының ұйымдастыруымен офлайн және онлайн форматта өтті.
«Конференция жаһандану жағдайындағы бастауыш білім беру жүйесінің өзекті мәселелері мен даму перспективаларын талқылау, тәжірибе алмасу, сондай-ақ білім беру үдерісіне цифрлық технологияларды енгізу мәселелерін қарастыру мақсатында ұйымдастырылды. Еліміздегі ғаламдық білім беруді транфсормациялауға қатысты қандай жаңалықтар бар, өзге елдер тәжірибесі қандай екенін осы конференцияда талқыладық. Конференцияға онлайн түрде Түркия, Венгрия, Татарстан, Қырғызстан елдерінен ғалымдар қатысты», – деді QyzPU Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі кафедрасының бағдарлама көшбасшысы PhD аға оқытушы Салтанат Нурбекова.
И.Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің профессоры, педагогика ғылымының кандидаты Тултуков Бакытбек Танирбергенович «Бастауыш мектептерде цифрлық білім беру платформаларын пайдалану тәжірибесі» тақырыбында баяндама жасады. Гази университеті (Түркия) Білім беру факультеті Негізгі білім кафедрасының профессоры МУСТАФА ЙЫЛДЫЗ «Бастауыш мектептегі тілдік дағдыларды бақылау және бағалау: Әлемдегі қазіргі мәселелер» тақырыбында сөз сөйледі. Дебрецен университеті (Венгрия) Балаларға білім беру кафедрасы Балаларға білім беру және арнайы білім факультетінен Dr. Немет Нора Вероника «Бастауыш сынып мұғалімдерін даярлаудың заманауи тәсілдері мен мәселелері» тақырыбы бойынша тәжірибен бөлісті.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.