
Жиында жоғары білімді цифрландыру, цифрлық құзыреттерді дамыту, жасанды интеллектіні қолданудың этикалық аспектілері және инклюзивті цифрлық шешімдерді енгізу секілді өзекті мәселелерді талқылау үшін оқытушылар, зерттеушілер және IT саласы өкілдері бас қосты.
Семинар барысында профессорлар Айгерім Оспанова, Күлшат Медеуова, цифрландыру департаментінің маманы Айбол Тілеухан және әлеуметтану кафедрасының докторанты Алтынбек Акпанов әлеуметтанулық зерттеулер мен жобалық әзірлемелердің нәтижелерін, соның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттерге қолдау көрсетуге бағытталған бірегей зияткерлік жүйе — «Инклюзивті гидті» таныстырды.
«Инклюзивті гид» – бұл мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қоғамдық орындардың қолжетімділігін арттыруға бағытталған инновациялық технологиялық шешім. Бұл құрылғы білім беру мекемелерінде, ауруханаларда, сауда орталықтарында және басқа да қоғамдық кеңістіктерде инклюзивті ортаны қалыптастыруға бағытталған. Ол физикалық ортада еркін бағдарлау мен өздігінен қозғалуға мүмкіндік беріп, кедергілерді жою арқылы адамдардың ортада еркін әрекет етуін жеңілдетеді, – дейді зерттеуші-оқытушы, PhD Нұрлан Байғабылов.
Профессор Күлшат Медеуованың жасанды интеллектті енгізуге байланысты цифрлық тәуекелдер мен зерттеу этикасына арналған баяндамасы қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Сонымен қатар, студенттер, оқытушылар және бизнес өкілдері арасында жүргізілген сауалнама нәтижелері білім сапасына цифрлық технологиялардың әсерін және түлектердің еңбек нарығына дайындық деңгейін объективті бағалауға мүмкіндік берді.
Семинар жұмысына университеттің әлеуметтану, философия, аймақтану кафедралары мен ақпараттық технологиялар департаментінің өкілдері, сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институтының ғылыми жетекшісі Аяжан Сағиқызы және ғылым жөніндегі бас директордың орынбасары Шолпан Джаманбалаева қатысты. Маңызды сәттердің тағы бірі – Өзбекстан Ұлттық университеті делегациясының қатысуы болды, бұл цифрлық трансформация саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңызын көрсетті.
Өзбекстан Ұлттық университетінің әлеуметтану кафедрасы меңгерушісі, PhD, доцент Элёр Зайытов семинар тақырыбы бойынша пікір білдіріп, трансформациялық үдерістердің өзектілігін, Орталық Азия елдеріндегі цифрлық тәжірибелерді салыстырмалы талдаудың қажеттілігін және білім берудегі цифрлық реформаларға гуманитарлық көзқарастың маңыздылығын атап өтті.
Пікірталас барысында заңнаманы жетілдіру, цифрлық инфрақұрылымды дамыту және білім беру тәжірибесін жаңғырту бойынша нақты ұсыныстар тұжырымдалды. Қатысушылар цифрлық реформаларды тиімді жүзеге асыру үшін пәнаралық ынтымақтастықтың қажеттілігін талқылады.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.