Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ораза айт мерекесімен құттықтады
- авторОймақ
- 30 наурыз, 2025
- 73

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ораза айт мерекесімен құттықтады.
Ақпарат Ақорданың Telegram каналында жарияланды.
Қадірлі отандастар!
Ораза айт мейрамы құтты болсын!
Татулық пен бауырмалдық, жақсылық пен игілік салтанат құратын осы қастерлі мерекенің барша мұсылман қауымы үшін мән-маңызы айрықша.
Рамазан айында имандылыққа, рухани тазаруға ұмтылған жұртымыз Айт күні ақ дастарқан жайып, қонақжайлық көрсетеді. Бір-біріне ізгі тілегін арнайды. Мұқтаж жандарға көмек қолын созып, қамқорлық танытады. Сол арқылы адамгершілік құндылықтар қоғамымызда терең орныға түседі.
Ораза айт мерекесінің тағылымы ата салтымызбен терең сабақтасып жатыр. Біздің дініміз де, дәстүріміз де азаматтарды бірлік пен ынтымаққа үндейді, өзара сыйлас болуға шақырады. Осы қасиеттеріміз барда халқымыздың Әділетті, Қауіпсіз, Таза әрі Қуатты Қазақстанды құру туралы арман-мұраты орындалатынына кәміл сенімдімін.
Баршаңызға бақ-береке тілеймін! Әр шаңыраққа құт-береке дарысын!
Айт қабыл болсын, ағайын!
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.