дүйсенбі, 31 наурыз, 2025 13:23

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Ұстаздың кәсіби дамуы – ауыл мектебін трасформациялаудың негізі

Ұстаздың кәсіби дамуы – ауыл мектебін трасформациялаудың негізі
"Ауыл мектептерін трансформациялау" мәселесі талқыланды

Қазақстанда ауыл мектептерін, мұғалімдердің көшбасшылық дағдыларын дамыту және қыздар көшбасшылығын қолдау мақсатында маңызды бастамалар жүзеге асырылуда. Алматыда өткен «Ауыл мектептерін трансформациялау: Қазақстандағы мұғалімдердің кәсіби қауымдастығын дамыту» конференциясында осы мәселелер кеңінен талқыланды.

Іс-шара «Ауылдық мектеп шамы» пилоттық жобасы аясында ұйымдастырылды. Жоба ауыл мектептерін қолдауға және мұғалімдердің көшбасшылығы арқылы кәсіби қауымдастықтарды дамытуға бағытталған.

«Бүгін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде маңызды конференция өтіп жатыр. «Ауылдық мектеп шамы» жобасы Маңғыстау, Атырау және Алматы облыстарындағы ауыл мектептерінде жүзеге асырылды. Жобаның басты мақсаты – мұғалімдердің кәсіби дамуын қамтамасыз ету. Қазіргі таңда елімізде «Өмір бойы білім алу» тұжырымдамасы іске асырылуда. Осы аяда университетімізде болашақ ұстаздарды даярлау бағытында ауқымды жобалар қолға алынған. Солардың бірі – сабақты зерттеу әдісі. Сонымен қатар мектеп мұғалімдері жүргізіп жатқан жобалар да білім беру ұйымдары мен қоғамдағы өзекті мәселелерді қамтиды. Әрбір ұстаз өз даму жобасы арқылы оқу жылы бойы мектеп ішінде нақты өзгерістер енгізуге үлес қосады. Бүгінгі конференция – осы тәжірибелермен бөлісіп, мұғалімдердің енгізген жаңашылдықтарын таныстыруға арналған. Университетіміз алдағы уақытта да мектеп мұғалімдерінің кәсіби дамуын қолдап, осы бағыттағы жұмысын жалғастыра береді. Бұл – біздің басты мақсаттарымыздың бірі», – деді QyzPU ректоры Гүлмира Қанай

Конференцияға мұғалімдер, мектеп директорлары, білім саласындағы сарапшылар, мемлекеттік, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Қатысушылар жобаның негізгі нәтижелерін, ауылдық білім беруді трансформациялау тәжірибелерін және мұғалімдердің кәсіби қауымдастығын дамыту перспективаларын талқылады.

«Ауыл мектептерін дамытуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Елдің әр өңірінде түрлі жобалар іске асырылып, ауылдық жерлерде заманауи мектептер салынып, олардың материалдық-техникалық базасы жаңартылуда. Дегенмен, сапалы білім беру үшін ең алдымен педагогтердің біліктілігін арттыру маңызды. Осы тұрғыда «Ауылдық мектеп шамы» пилоттық жобасы ауыл мектептерінің әлеуетін көтеруге арналған маңызды бастамалардың бірі. Жобаның қорытынды конференциясының Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде өтуі де ерекше мәнге ие, себебі бұл университет білікті педагогтерді даярлау ісінде жетекші орын алады», – деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Карамбаев.

«Ауылдық мектеп шамы» жобасы Алматыдағы ЮНЕСКО-ның Өңірлік кеңсесінің және Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының қолдауымен жүзеге асырылды. Сонымен қатар жобаға HertsCam кәсіби қауымдастығы (Кембридж, Ұлыбритания), Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті (мұғалімдерді сертификаттау жөніндегі жауапты ұйым) және TeachersLab тәуелсіз платформасы (фасилитаторларды қолдау жөніндегі жауапты ұйым) қатысты.

«Бұл жоба Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының қаржылық қолдауымен өз жұмысын бастады. Жобаның басты ерекшелігі – ауылдық мектептерде мұғалімдердің көшбасшылығын дамыту арқылы кәсіби қауымдастықтар құру. Яғни, мұғалімдер жыл бойы мектеп ішінде белгілі бір мәселені таңдап, кәсіби орта қалыптастырып, оны талқылап, шешудің түрлі жолдарын іздестірді. Жоба аясында түрлі мүмкіндіктер қарастырылды. Мысалы, мектеп ішінде арнайы дайындалған фасилитаторлар бар. Олар сессияларды ұйымдастырып, мұғалімдерге кәсіби мәселелерін талқылауға көмектеседі және тиімді шешімдер табуға бағыттайды. Мұғалімдер зерттеу әдістерін қолдана отырып, өз жобаларын әзірлеп, іске асырды. Бүгінгі конференцияда осы жобалар ұсынылып отыр», – дейді ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Өңірлік кеңсесінің білім беру бағдарламасы бойынша ұлттық маманы Мейіргүл Алпысбаева.

Конференция соңында мұғалімдер өздерінің шағын зерттеу жұмыстарын постерлік сессия форматында таныстырды. Бұл зерттеулер қазақ, орыс және ағылшын тілдерін үйрету, оқушылардың оқу дағдыларын дамыту, пәнге деген қызығушылығын арттыру секілді тақырыптарды қамтыды.

«Ауылдық мектеп шамы» – ауылдық білім беру жүйесін жақсартуға бағытталған маңызды жоба. Бұл конференция ауыл мұғалімдерінің өз ісіне шынайы берілгендігін, жаңа әдістерді меңгеруге дайын екендігін көрсетті.

 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар