дүйсенбі, 17 наурыз, 2025 23:18

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Театр табыстырған: он алтыншы жұп неке қиды

Театр табыстырған: он алтыншы жұп неке қиды
Астанада Музыкалық жас көрермен театрында 16 наурыз – Шаңырақ күніне орай, театр қабырғасында танысып, табысқан он алтыншы жұптың ақ некесі қиылды.

Іс-шара ата-бабаларымызда «Шаңырақ көтеру» атты ерекше дәстүр-салтын насихаттауды мақсат тұтып отыр.

Театрда бір-біріне үйленіп отбасын құрған 15 жұп бар. Ал бүгінгі «Шаңырақ күні» театрда табысқан 16-жұп Айдос Амандық пен Айдана Болаттың некелерін қию рәсімі өтті.

Аталған шараға, қазақ қыздарының  сұлулық эталонына айналған Қыз Жібегі, Қазақ КСР Еңбек сіңірген артисі, Құрмет және Парасат ордендерінің иегері Меруерт Өтекешева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Қанат пен Света Айтбаевтар және Астана қаласы, Ырыскелді қажы мешітінің бас имамы, белгілі дінтанушы-ғалым Нұрлан Байжігітұлы қатысты.

Музыкалық жас көрермен театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Максимұлы:

 -«Кеш жарық, өнер сүйер қауым! Біздің театрымыздың жанашырлары! Біздің ұжымымызда былтырдан бастап ерекше Наурызнама басталып жатыр. Қазақтың ұлттық құндылықтарын, рухани келбетімізді паш ететін үлкен шаралар өтіп жатыр. Театрымыз ашылғалы төрт жыл жарымдай уақыт болды. Осы аралықта тек спектакльдерді сахналау ғана емес, біздің театрымыз үлкен шаңыраққа айналды. Театрда тек қана 15 отбасы емес, 30 адам бір-бірімен үйлесіп, шаңырақ көтерді.

Бүгін отбасын құрып, үлкен өмір жолына қол ұстасып бірге шыққан қос баламызға сезімнің ақтығын берсін, көңілдің пәктігін берсін! Екеуіне өнер жолында да, өмір жолында да, арман да мақсат та ортақ болсын! Жұптарыңыз ешқашан жазылмасын!»,- деп жастарға жүрекжарды лебізін арнады.

Шара барысында неке қию рәсімімен қатар әндер айтылып, күй тартылды. Жас отбасыға бата беріліп, тілектер айтылды. Отбасылық құндылықтар дәріптелді.

Ырыскелді қажы мешітінің бас имамы, белгілі дінтанушы-ғалым Нұрлан Байжігітұлы:

- «Адам ата мен Хауа анадай, Мұхаммед пайғамбар мен Хадишадай, Хан Әбілқайыр менен Бопай анамыздай, Тәуке хан мен Сандық анамыздай, Жәңгір хан мен Бәтима анамыздай, Абылай мен Сайман анамыздай, Қобыланды мен Құртқа анамыздай, Исатай мен Мылқым анамыздай, салиқалы өмір беріп, үбірлі шүбірлі қылып, тіл-көзден сақтап,бір жастықта қартайып Алла тағала сүйген жұптардан болуға нәсіп етсін! Аумин!»,-деп ақбатасы мен бірге мұсылманша неке қию рәсімін жасады.

Ал, шаңырақ көтеріп жатқан Айдос Амандықтың айтуынша, Наурыз мерекесінің жаңа тұжырымдамасы аясындағы «Шаңырақ күні» жалпыұлттық отбасылық құндылықтар мен кіршіксіз махаббат күніне айналады деуге негіз бар.

-«Шаңырақ күні қазақстандықтардың жас ұрпақты тәрбиелеу мәдениетін көрсете отырып, олардың бойында патриотизм мен адамгершілікті қалыптастыруға үндейді. Бүгін мұсылманша некемізді, заңды некемізді киелі сахнада Шаңырақ күнінде қиып жатырмыз. Біз театрда табысқан 16-жұппыз. Бұл біз үшін екі есе бақыт. Алдымызда үйленген аға-әпкелеріміз қазір үбірлі-шүбірлі, берекесі мен бірлігі жарасқан жарасымды отбасыға айналып отыр. Алдағы уақытта да осы игі дәстүр жалғасады деп ойлаймыз», - деді ол.

Үлкен өмірге қадам басқан жұп қалай танысқандарын айтып берді.

-«Осы театрда 2023 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатырмыз. Жарымның аты – Айдана Болат. Университет қабырғасында танысқан болатынбыз. Университетке талапкер болып келіп тұрғанымызда танысып, дос болып кеттік. Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде, Асхат Маемиров шеберханасында бірге оқығанбыз. Ең алғаш танысқанда “Мисс Көкшетау” екенін естіп, маған қарай ма екен?” деп, батылым жетпеді. 2 жыл дос болып, араласқаннан кейін барып, сезімімді білдіріп, қызым болуға ұсыныс жасадым, енді, міне, шаңырақ көтергелі отырмыз»,- деді Айдос.

Мәртебелі қонақтарымыз жастарға жүрекжарды лебіздерін білдіріп,  бір-біріне деген іңкәр сезімдері мәңгілік болуын, ел мен жұрттың тек алғыстарын алуын, өмір жолында аспандары ашық болуын тіледі.

Қазақ мәдениетінде шаңырақтың қадір-қасиеті айрықша. Ол – әрі аспан күмбезі, әрі үй-жай, әрі тірек, әрі бақуаттылық пен қауіпсіздік және ұрпақтар сабақтастығы.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар