сенбі, 7 желтоқсан, 2024 7:22

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Әйелдер командасының еншісінде жалғыз жолдама бар

Әйелдер командасының еншісінде жалғыз жолдама бар
фото: ашық дереккөз
Қазақстан әйелдер құрамасынан Олимпиада жолдамасына таласатын үш боксшы қалды

Бангкок сапары Қазақстанның қос құрамасы үшін де маңызды еді. Ерлеріміз жеті салмақтың алтауында лицензия алып, 63,5 келіде ақсап тұр. Сидней Олимпиадасынан кейінгі төртжылдық турнирлеріне толық құраммен барған әрі әлемдегі бокс державаларының бірі саналатын Қазақстан үшін бір салмақта жолдамасыз қалудың өзі үлкен айып. 

Ал әйелдер командасының еншісінде жалғыз жолдама бар. Жазғы Азия ойындарында Карина Ибрагимова лицензия жеңіп алған соң, қалған қыздарымыз көзге түсе алар емес. Италиядағы іріктеу турнирінен де бұрымды боксшылар құралақан келді. Осы аралықта, федерация әйелдер құрамасының бас бапкерін ауыстырып, Банкгокке баратын боксшыларды халықтың алдында спаррингтік турнир арқылы таңдап алды. Сондықтан Таиландтағы турнир құрамаға енді келген бапкер Елдос Сайдалин үшін де, соңғы жолдама үшін жанталасқан қыздар үшін де оңай емес. 

Иә, соңғы түйенің жүгі ауыр...

Лицензиялық турнирде екі боксшымыз бірінші айналымнан өте алмады. Қыздар арасында 54 келіде жұдырықтасқан Ұлжан Сәрсенбек пен 66 келіде сынға түскен Наталья Богданова үшін іріктеу сыны да, Париж Олимпиадасына барсам деген арман да аяқталды. 

Ұлжан Сәрсенбек – жастар арасында Азия чемпионатын екі рет жеңген боксшы. Ересектер арасындағы ұлттық құрамаға да жақында қабылдап, спаррингтік турнирде Жайна Шекербекова сияқты әккі спортшыдан басым түсті. Дегенмен тәжірибелі америкалық Шей Мэй Патрисио біздің жас боксшыға еш айла қалдырған жоқ. Қарсыластың қарқынына ілесе алмағанын Ұлжан да көзіне жас алып тұрып, мойындады. 

«Техникам, тәжірибем жетпеді. Әлі мықты болып ораламын. Кімнің қолын көтерсе, сол – жеңіпаз. Мен мықтымын», – деді Ұлжан жекпе-жектен соң. 

66 келідегі Наталья Богданова – ел чемпионатын ұтып, ұлттық құрама сапында біраз тәжірибе жинаған боксшы. Ол – өз салмағында Қазақстанда бет қаратпай жүрген спортшылардың бірі. Өкінішке қарай, әлемдік жарыстарға келгенде Богдановаға үнемі бір нәрсе жетпей қалатындай. Мүмкін, шеберлік, мүмкін, тәжірибе...

Наталья Париж Олимпиадасына жолдама беретін үш іріктеу турнирінің үшеуіне де қатысты. Мұндай мүмкіндік құрамада ешкімге де берілген жоқ. Алдымен Ханчжоудағы жазғы Азия ойындарында бақ сынап, қола жүлдегер атанды. Бұл бәсекеде олимпиадалық квота тек финалға шыққан спортшылардың еншісінде кетті. Кейін Италияның Бурсо-Асицио аймағында өткен екінші әлемдік іріктеу турнирінде сынға түсті. Бұл жарыста да Богданова алысқа шапқан жоқ. Екінші кезеңде польшалық қарсыласына есе жіберді. Тайландтағы соңғы турнир де біздің қыз үшін сәтті болмады. Ол бірінші айналымда-ақ сербиялық Кристина Кулуховадан жеңіліп қалды. 

«Шынымды айтсам, жеңіс үшін не жетпегенін білмеймін. Дайындық та, жаттығу жиыны да жақсы өтті. Мүмкін жекпе-жекте өзімнен қате кеткен шығар», – деп қысқа қайырды Богданова. 

Енді Қазақстан әйелдер құрамасынан Олимпиада жолдамасына таласатын үш боксшы қалды.

Олар – Назым Қызайбай (50 келі), Римма Волосенко (60 келі) және Валентина Хальзова (75 келі). Бұл спортшылардың барлығы да бірінші кезеңнен сүрінбей өтті. 

Ал ерлер құрамасының жалғыз өкілі Мұхаммедсабыр Базарбайұлы екі кездесуде жеңіске жетті. Алдымен ол филиппиндік Кристиан Питт Лауреттені жеңсе, екінші айналымда түркиялық Мизан Айкөлден басым түсті. Бет қатталып жатқанда Базарбайұлы үшінші жекпе-жегін өткізуге тиіс. 

Aikyn.kz

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар