«Ұлы дала жорығының» үшінші маусымында «Жетісу» командасы жеңімпаз атанды
- авторОймақ
- 24 мамыр, 2024
- 340
Осымен, үшінші рет ұйымдастырылып отырған «Ұлы дала жорығының» үшінші маусымында «Жетісу» командасы жеңімпаз атанды.
Астанада «AMANAT» партиясының қолдауымен көрнекті геолог-ғалым Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесінің үшінші маусымы өз мәресіне жетті. Кең ауқымда өткен жарыс «AMANAT» партиясының қолдауымен ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы және оның құрамына кіретін «JORYQ» ат спорты федерациясы бірлесіп ұйымдастырғанын баса айтқан жөн.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, марафон-бәйгенің тең ұйымдастырушысы Әлібек Әлденей, «JORYQ» ат спорты федерациясының президенті Бақытжан Тұрлыбеков, Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Аманжол Әлтай және Қазыбек Әлішев тер қатысты.
«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек соңғы уақытта қоғамның ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылығы арта түскенін атап өтті.
«Өздеріңізге мәлім, «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгеcін Мемлекет басшысы назарында ұстап, үнемі қолдау көрсетіп келеді. Күні кеше «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары көтерген Қазақ жылқыларының тұқымын сақтау және молайту туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Осы арқылы мемлекет асыл тұқымды жылқыларымызды қорғау үшін бар жағдайды жасайтын болады», – деді ол өз сөзінде.
Сонымен, бес күнге созылған жарыстың қорытындысы бойынша мәре сызығын бірінші болып Жетісу облысының командасы кесіп өтті, жалпы уақыты 32 сағат 40 минут 18 секундты құрады. Екінші орын Маңғыстау облысының шабандоздарына бұйырды. (33 сағат 05 мин. 30 сек.). Үшінші орын Алматы қаласының командасына (33 сағат 31 мин. 08 сек.) бұйырды. Төртінші орынды Жамбыл облысының құрамасы (34 сағат 22 мин. 03 сек.), бесінші орынды Астана қаласының командасы (37 сағат 10 мин. 32 сек) иеленді.
Үшінші маусымда 500 шақырымды еңсерген келесі шабандоздар да үздік атанды: Атап айтқанда, Жетісу облысынан Мәулетхан Ералы (32 сағат 24 мин. 42 сек), Қостанай облысынан Мұхамбетов Әлихан (32 сағат 32 мин. 08 сек), сондай-ақ Шығыс Қазақстан Облысының екі шабандозы - Етреков Әбіш (34 сағат 01 мин. 37 сек) және Жұмашов Дулат (34 сағат 53 мин. 37 сек).
Биылғы Павлодар – Астана бағытындағы марафон-бәйгеге алғашқыда барлығы 19 команда қатысқан болатын. Коандалардың тек 11-і ғана жарыс қашықтығын толық жүріп өтті. Қалған командалар белгілі себептермен жарыс жолын ерте аяқтауға мәжбүр болды.
«Бүгінде «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі тек дүбірлі додаға ғана емес, сонымен қатар көшпенділер мәдениетін ілгерілетудің бірегей жобасына айналды. Қыркүйек айында шабандоздарымызды жаңа жарыс күтіп тұр. Олар V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында халықаралық марафонға қатысады. Бұл – бүкіл әлемге шабандоздарымыздың ептілігі мен шеберлігін, сондай-ақ қазақ жылқыларының төзімділігін көрсетудің тамаша мүмкіндігі», – деді ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов.
Айта кететін тағы бір дүние алғашқы үштікке іліккен жүлдегер командалар 2-7 қыркүйек аралығында өтетін «Ұлы дала жорығы» күзгі халықаралық марафонына лицензияға ие болды. Бұл дүбірлі додаға барынша сайланып аттардың да бабын келтіреміз деп отыр шабандоқдар.
Еске сала кетейік, «Ұлы дала жорығының» бас серіктесі – ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы. Сондай-ақ жарысқа «AMANAT» партиясы, Павлодар және Ақмола облыстарының әкімдіктері, ҚР Туризм және спорт министрлігі қолдау көрсетті.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.