жұма, 9 қазан, 2026 8:30

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Мектептегі тегін тамақ: қаржы 14 есе өсті, сапасы қандай?

Мектептегі тегін тамақ: қаржы 14 есе өсті, сапасы қандай?
ЖИ арқылы жасалды
Қазақстанда мектеп оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамту ауқымы соңғы жеті жылда бірнеше есе кеңейді. 2019 жылы 495,1 мың бала қамтылса, 2026 жылы 1 млн 716 мың оқушыға жетті. Осы аралықта бағдарламаға бөлінетін қаржы 14,9 млрд теңгеден 210 млрд теңгеге дейін өсті.

Яғни қамтылған бала саны 3,5 есе көбейгенде, қаржыландыру 14 еседей артқан, деп хабарлады Қазақпарат. Бұл өсім баланың күнделікті ас мәзірінен қаншалықты көрінеді?

Бұл бір балаға жұмсалатын орташа қаражаттан да анық көрінеді. 2019 жылы бір оқушыға жылына шамамен 30,1 мың теңге жұмсалса, 2026 жылы 122,4 мың теңгеге жетіп отыр.

Ақша көбейгенде мәзір өзгерді ме?

2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мектептегі тамақтану стандарты жаңартылды. Жаңа талаптарда тұз бен қантты азайтуға, көкөніс, жеміс және сүт өнімдерінің үлесін арттыруға басымдық берілді. Кейбір шұжық өнімдері, ысталған тағамдар, спредтер және құрамында қант көп бірқатар өнімдер мәзірден алынды.

Енді тағамның желінгені де есепке алынады

Жаңа талаптар аясында «желінбеген тамақ индексін» енгізу көзделген. Оның мақсаты – оқушының табағында қандай тағамның қанша бөлігі қалып қоятынын анықтау. UNICEF пен Ұлттық салауатты тамақтану орталығының зерттеуінде балалардың 59%-ы мектеп мәзірін ұнататынын айтса, 21%-ы ұнатпайтынын көрсеткен. Ал 20%-ы мектеп асханасында тамақтанбайтынын айтқан. Бұл деректер жаңа стандарт енгізілгенге дейінгі жағдайды сипаттайды.

Қаржы көбейген сайын жемқорлық тәуекелі де көбейді ме?

2026 жылы Алматы облысында прокуратура тексеруі 70-тен астам мектепте 1 101 баланың тиесілі тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілмегенін анықтады.

Шығыс Қазақстандағы прокурорлық тексеру мектептегі тамақтандыру мәселесінің тағы бір қырын көрсетті. 9 501 баланың тамақтану нормасы заңсыз төмендетілгені анықталған. Кей жағдайда 11-18 жастағы балаларға 7-10 жастағы балаларға арналған норма қолданылған, ал жекелеген өнімдердің мөлшері екі есеге дейін қысқартылған. 2026 жылғы аудиттердің бірінде тегін ыстық тамақ бойынша 3,4 млрд теңге бюджет қаражаты іс жүзінде көрсетілмеген қызметтер үшін қайтарылған. Бұдан бөлек, 676,5 млн теңге көлеміндегі шығынның расталмағаны көрсетілген.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар