Бишімбаевтың анасы бұрынғы келінінен сот арқылы қомақты қаржыны өндіріп алды
- авторОймақ
- Бүгін, 10:55
- 21
Астанада сот Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова мен оның бұрынғы келіні Назым Қаһарманның арасындағы қаржылық дауды қарады. Даудың туындауына үй-жайды жалға беруден түскен табыс себеп болған, деп хабарлайды Oimaqnews.kz turkystan.kz. сайтына сілтеме жасап.
Іс материалдарына сәйкес, Нұрлыбекова өзіне тиесілі үй-жайды Қаһарман өкілдік ететін NazKa жеке кәсіпкерлігіне сенімгерлік басқаруға берген. Тараптар келісімшартты 2023 жылғы 1 қарашада жасасқан. Оның қолданылу мерзімі 2029 жылғы 31 қазанға дейін белгіленген.
Нұрлыбекованың айтуынша, бұрынғы келіні аталған үй-жайды жалға бергенімен, одан түскен қаражатты меншік иесіне аудармаған. Сондай-ақ талап қоюшы мүліктің пайдаланылуын растайтын құжаттары бар толық есепті алмағанын мәлімдеген.
Нұрлыбекова шарттық міндеттемелерді тиісінше орындамағаны үшін 14 074 771 теңге өндіріп беруді талап етті. Бұдан бөлек, ол мемлекеттік бажды және өкілінің қызметіне кеткен шығындарды өтеуді сұрады.
Қаһарман талаптарды мойындамай, талап-арызды толықтай қанағаттандырудан бас тартуды сұрады. Ол талап етілген соманы да, оны өндіріп алуға негіз болған уәждерді де негізсіз деп санаған.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты талап-арызды ішінара қанағаттандырды.
Сот шешіміне сәйкес, NazKa ЖК-нен Нұрлыбекованың пайдасына 6 665 391 теңге, сондай-ақ 66 654 теңге мемлекеттік баж және 666 539 теңге өкіл қызметіне жұмсалған шығын өндірілді.
Ал қалған 7 409 380 теңгені өндіріп алу туралы талапты сот қанағаттандырмады.
Сот шешіміне апелляциялық тәртіппен шағым жасауға болады.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.




