бейсенбі, 3 қыркүйек, 2026 8:24

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

"Біз ешкімді қумадық": Абай ұлттық мектебіндегі жағдайды министр қадағалап отыр

"Біз ешкімді қумадық": Абай ұлттық мектебіндегі жағдайды министр қадағалап отыр
Министрдің айтуынша, барлық мәселелерді біліп отыр.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Абай ұлттық мектебіне қатысты мемлекеттік аудиттің қорытындысы, 10,4 млрд теңге көлеміндегі қаржылық мәселелер және мектеп директорының қызметтен кетуіне байланысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап.

Министрдің айтуынша, Абай ұлттық мектебі бірнеше мемлекеттік қаржы көзінен салынған. Нысанға республикалық және жергілікті бюджеттен, сондай-ақ активтерді қайтару қорынан қаражат бөлінген. Осыған байланысты мектеп ғимараты мен ондағы мемлекеттік мүліктің заң талаптарына сәйкес қабылданып, балансқа қойылуы маңызды болған.

«Мен бұл мектептің құрылысынан бері мәселелерін білемін. Мектепке республикалық бюджеттен де, Алматы қаласының жергілікті бюджетінен де, активтерді қайтару қорынан да қаражат бөлінді. Бұл үшін Үкіметтің бірнеше қаулысы қабылданды. Сондықтан мен бұл мектепті ерекше жоба деп есептеймін. Кейін жағдайды зерделей бастағанда, бұрынғы мектепте бірқатар компьютер қалып қойғанын, олардың жаңа мектепке көшірілмегенін білдік. Бір қарағанда, бұл ұсақ мәселе сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ мемлекет меншігіндегі мүлікке қатысты жауапкершілік бар. Ол жерде бір компьютер емес, 80 компьютер туралы сөз болып отыр. Сондықтан мұндай мәселелердің бәрі тиісті тәртіппен рәсімделуі керек», — деді Жұлдыз Сүлейменова.

Оның сөзінше, 2023-2025 жылдар аралығын қамтыған мемлекеттік аудит мектепте қабылданған шешімдердің заңдылығын, кадр мәселесін және қаржының жұмсалуын тексерген. Аудит қорытындысында көрсетілген 10,4 млрд теңге мәселесінің бір бөлігі мектеп ғимаратын уақытылы балансқа қабылдамауға қатысты.

«10,4 млрд теңге мәселесі, біріншіден, осы мектепті уақытылы және нақты балансқа рәсімдеумен байланысты. Бұл бір шетінен ұсақ-түйек болып көрінуі мүмкін. Бірақ нысанды дер кезінде балансқа алмау қазіргі таңда бірқатар мердігердің әкімдік арқылы өздерінің кепілдік мерзіміндегі міндеттемелерін орындамауына құқықтық негіз болды. Екінші жағынан, аудит барысында кадр мәселелері де анықталды. Біліктілік санаты жоқ тәрбиешілердің сабақ берген фактілері, аттестациядан өтпеген мұғалімдер болды. Кейбір қызметкерлер сегіз жылдан астам уақыт бойы аттестациядан өтпеген, біліктілік санатын көтермеген. Сонымен қатар жалақы төлеу, тамақтану қызметін көрсетушімен жасалған шарттарға қатысты да мәселелер бар. Ата-аналардан кейбір мұғалімдердің балаларға 5 мың теңгеден басталатын ақыға жеке сабақ өткізгені туралы шағымдар түсті. Бұл — мемлекеттік мектеп. Сондықтан мұндай қосымша ақылы қызметтер де заң талаптарына сәйкес болуы керек. Осының бәрі жинақталған кезде аудитте көрсетілген үлкен есеп қалыптасты», — деді министр.

Сүлейменова мектеп басшылығына қысым жасалды деген пікірді жоққа шығарды. Оның айтуынша, министрлік директорды қызметтен босатуға немесе оның орнына басқа адам тағайындауға араласпаған. Керісінше, мектептің жұмысын заң талаптарына сәйкестендіру жөнінде ұсыныстар айтылған.

«Біз ешқандай мектептің басшысына “сен қал, сен кет, сен лайық емессің” деп айтқан жоқпыз. Оны біз айтпаймыз да. Мен бұл мектептің директорын да, оған дейінгі директорларды да өзім жақсы танымаймын. Бірақ осы мектептің тарихына бейжай қарамаймын. Бұған дейін де мектеп мұғалімдерінің жалақысы мен бағдарламасына қатысты бірқатар мәселені шешуге атсалыстым. Сондықтан біздің мақсатымыз — мектепті әлсірету емес. Біз тек заңмен жүрсін, заң талаптарына сәйкес жұмысын ұйымдастырсын деген ұстанымда болдық. Директор бірнеше рет бізге баланс мәселесіне байланысты қол қоймай жүргенін айтты. Мен оған: “Сіз бұл мектептің құрылысынан бері қасында жүрдіңіз, нысанды жақсы білесіз. Ендеше қандай жауапкершіліктен қашып жүрсіз?” деп сұрадым. Министрлік тарапынан мектепті қабылдап алуға ешқандай қарсылық болған жоқ. Бұл — қазақтың балалары үшін мемлекет қаржысына салынған мектеп», — деді ол.

Министрдің айтуынша, мектепке қатысты мәселе қазір тек министрлік деңгейінде емес, құзырлы органдардың қарауында. Қазіргі уақытта 24 шағым бойынша тексеру жүргізіліп жатыр.

«Қазіргі таңда 24 шағымға дейін құзырлы органдар қарап жатыр. Аудит қорытындысына байланысты барлық мәселені тиісті органдар қарастырады. Бүгін біз қосымша бүкіл құжатты Бас прокуратураға жолдадық. Бұған дейін де бұл мәселені басқа құзырлы органдарға жібергенбіз. Сондықтан біз ашықтықты талап етеміз. Егер жұмсалған қаржының заңдылығына немесе тиімділігіне қатысты жауап беретін адамдар болса, келіп жауап берсін. Біз ешкімнің аузын жапқан жоқпыз, өз уәжін айтуға барлығына мүмкіндік берілді», — деді Жұлдыз Сүлейменова.

Министр әлеуметтік желілерде тараған ақпараттың бір бөлігін біржақты ақпараттық шабуыл деп бағалайтынын айтты. Оның пікірінше, аудит қорытындысына қатысты нақты баға уәкілетті органдардың тексеруінен кейін берілуі керек.

«Менің ойымша, соңғы кезде айтылып жатқан кейбір дүниелер біржақты ақпараттық шабуылға ұқсайды. Егер кімде-кімнің өз уәжі болса, оны айтуға мүмкіндік бар. Қазір бұл мәселені құзырлы органдар қарап жатыр. Сондықтан біржақты пікір айтпай, тиісті органдардың қорытындысын күту керек. Мемлекеттің қаражаты жүрген жерде, халықтың баласы оқитын жерде барлық жұмыс заң аясында жүргізілуі қажет», — деді министр.

Осылайша, Абай ұлттық мектебіне қатысты дау әзірге нүктесін қойған жоқ. Мектепке жұмсалған қаржының заңдылығы мен тиімділігіне, сондай-ақ анықталған бұзушылықтар бойынша нақты кім жауап беретініне тиісті тексерулерден кейін құқықтық баға берілмек.

 

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар