1 қыркүйектен бастап Алматыда автокөлік иелеріне жаңа талап енгізіледі
- авторОймақ
- Бүгін, 08:14
- 19
1 қыркүйектен бастап Алматыда бензинмен, газбен және дизельмен жүретін автокөліктер экологиялық нормаларға сәйкестігі бойынша бөлек техникалық тексеруден өтуге тиіс. Бұл туралы A-parking компаниясы мәлім етті, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.
Бұл тексеру міндетті автотехникалық байқаудың (техосмотр) орнын баспайды, ол жеке процедура ретінде жүргізіледі. Компания өкілдерінің айтуынша, тексеру барысында бензинмен және газбен жүретін көліктердің пайдаланылған газдарындағы уыттылық деңгейі, ал дизельді көліктердің түтінділігі өлшенеді. Автокөлік иелеріне бұл процедурадан мерзімінен бұрын өтудің қажеті жоқ. Жаңа талап 1 қыркүйектен кейін кезекті міндетті техосмотр мерзімі жететін көліктерге ғана қатысты болады.
«Егер автокөлік техосмотрдан 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін өткен болса, берілген құжат белгіленген мерзім аяқталғанға дейін өз күшінде сақтайды. Тексеруден немесе экологиялық тексерістен бұл күннен бұрын қайта өтудің керегі жоқ», – деп нақтылады компания өкілдері.
Айта кетейік, міндетті техосмотрды бұрынғыша кез келген жұмыс істеп тұрған техникалық тексеру орталығы желілерінен өтуге болады. Ал шығарындыларды өлшеу бойынша техникалық тексеру тек арнайы жабдықталған және аккредиттелген станцияларда жүргізіледі. Олардың тізімі A-parking компаниясының ресми сайтында жарияланады. Бұл ретте жүргізушілер аккредиттелген станцияларда экологиялық тексеру мен міндетті техосмотрды бір мезгілде қатар өте алады.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





