"Кітапқа құмар болу – жақсы қасиет": Ұлттық кітап күні белгіленуі мүмкін
- авторОймақ
- 6 мамыр, 2024
- 591
23 сәуір – Ұлттық кітап күні болып бекітіледі. Бұл туралы Ашық НҚА порталына Туризм және спорт министрлігінің қаулы жобасы жарияланды, – деп хабарлайды Oimaqnews.kz
Құжат 22 мамырға дейін ашық талқылауда болады. Жоба қабылданса, 2025 жылдан бастап Ұлттық кітап күні атап өтіледі.
Айта кетсек, биыл Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар азамат ұсынған Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы бастаманы қолдайтынын жеткізген еді.
«Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр.
Кітапқа құмар болу – жақсы қасиет. Мысалы, көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Бөріхан Нұрмұхамедов, Айдос Сарым, Данияр Әшімбаев бастаған құрылтай мүшелері осындай бастама көтерді. Мен олардың Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысын қолдаймын. Бірақ оны мазмұнды етіп өткізу қажет. Мысалы, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, арнайы жәрмеңкелер өткізу қажет. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», – деген болатын Мемлекет басшысы.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.