35-тен астам блогерді казино жарнамасына тартқан блогерге халықаралық іздеу жарияланды
- авторОймақ
- Бүгін, 08:52
- 16
Тергеу дерегіне қарағанда, Хикматов жай ғана казино жарнамасын жариялаумен шектелмеген. Оған Қазақстандағы аудиториясы көп инфлюенсерлерді тауып, солар арқылы құмар ойындарды жарнамалау міндеті жүктелген.
Әңгіме «SultanGames», «PINCO», «Nomadcasino», «Pin-Up», «Vavada» және өзге де заңсыз интернет-казинолар туралы болып отыр.
Жарнаманың бағасы блогердің аудиториясына қарай белгіленген
Агенттік таратқан ақпаратқа сүйенсек, Хикматов блогерлерден әлеуметтік желідегі парақшаларының статистикасын сұратқан. Жазылушылардың саны ғана емес, олардың жасы, қай өңірде тұратыны және жарияланымдарды қанша адам көретініне дейін есепке алынған.
Жарнаманың ақысы да осы көрсеткіштерге қарай белгіленіпті.
Осы тәсілмен ол 35-тен астам блогерді заңсыз интернет-казинолардың жарнамасына тартқан деген күдік бар.
Олардың арасында әлеуметтік желіде кең аудитория жинаған Қайсар Қамза да аталады. Агенттік мәліметінше, ол интернет-казиноларға апаратын арнайы рефералдық сілтемелерді парақшасында жариялаған. Әр адам сол сілтеме арқылы казино сайтына өткен сайын блогерге сыйақы есептеліп отырған.
Ақша мобильді төлем мен криптовалюта арқылы жүрген
Тергеу барысында Қазақстанда заңсыз интернет-казинолардың жұмыс істеуіне мүмкіндік берген арнайы жүйе болғаны анықталған.
Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, сол жүйе арқылы ойыншыларға интернет-казиноның интерфейсі ұсынылып, ақша қабылдау мен ұтысты төлеу жолға қойылған. Қаржы айналымында эквайринг, мобильді төлемдер және криптовалюта пайдаланылған.
Ал жаңа ойыншыларды тартудың бір жолы ретінде әлеуметтік желідегі жарнамаға басымдық берілген.
Сот Махмуд Хикматовты қамауға санкция берді. Қазір оған халықаралық іздеу жарияланған.
Қаржылық мониторинг агенттігі Хикматовтың жүрген жері туралы қандай да бір мәлімет білетін азаматтарды +7 (717-27) 0-84-78 нөміріне хабарласуға шақырды.
Агенттік пайдалы ақпарат берген адамға сыйақы төленетінін, ал оның аты-жөні құпия сақталатынын мәлімдеді.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





