дүйсенбі, 3 тамыз, 2026 10:42

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

TikTok-та өзін ҰҚК майоры ретінде таныстырған алаяқ сотталды

TikTok-та өзін ҰҚК майоры ретінде таныстырған алаяқ сотталды
Magnific.com
Петропавл қаласында әлеуметтік желі арқылы өзін күштік құрылымдардың қызметкері ретінде таныстырып, тұрғындарды алдаған ер адамға қатысты сот үкімі шықты.

Сот материалдарына сәйкес, 31 жастағы қала тұрғыны өзін әртүрлі уақытта қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкері, есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімінің өкілі және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің майоры ретінде таныстырған. Алайда оның аталған мемлекеттік органдардың ешқайсысында қызмет атқармағаны анықталды.

Тергеу барысында күдіктінің адамдарға түрлі мәселені ақшаға «шешіп бере алатынын» айтып, сенімдеріне кіргені белгілі болды. Соның бірі – жүргізуші куәлігін заңдағы рәсімдерді айналып өтіп алып беремін деген уәдемен тұрғыннан 80 мың теңге алған. Басқа эпизодтарда көрсетілетін «қызмет» құны 150 мың теңгеге дейін жеткен.

Ең ірі шығынға ұшыраған жәбірленушілердің бірімен ол TikTok әлеуметтік желісі арқылы танысқан. Өзін қиын жағдайда жүрген адам ретінде көрсетіп, анасының сырқаты мен қызметінің ауырлығын алға тартқан күдікті әйелдің сеніміне кіріп, ақша аудартқан. Кейін одан алтын әшекейлерін де алып, оларды ломбардқа өткізген. Салдарынан жәбірленуші шамамен 700 мың теңге көлемінде шығынға ұшыраған.

Сотта анықталғандай, ер адам бұл әрекеттерді пробациялық бақылауда жүрген кезінде жасаған.

Айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтып, соттан жеңіл жаза тағайындауды сұраған. Алайда сот оның қауіпті қайталанған қылмыс жасағанын ескеріп, 4 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Жазасын ол қауіпсіздігі барынша жоғары қылмыстық-атқару мекемесінде өтейтін болады.

Сонымен қатар сот үкімімен сотталған азамат жәбірленушілердің біріне шамамен 620 мың теңге материалдық шығынды өтеуге міндеттелді.

Әзірге сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Бөлісу:
Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар