Алматыда зейнеткер әйелді алаяқтардан құтқаруға көмектескен курьер Нартай Есімхановты марапаттау рәсімі өтті. Оның қырағылығы мен азаматтық ұстанымы қылмыстың алдын алуға мүмкіндік берді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz turkystan.kz.сайтына сілтеме жасап.
Еске салсақ, кезекті тапсырысты орындау барысында курьер зейнеткерден жеке заттары салынған пакетті қабылдап алған. Алайда әйелдің мазасызданып тұрғаны және пакет ішінде не бар деген сұраққа нақты жауап бермеуі оның күдігін туғызған.
Жағдайдың күмәнді екенін аңғарған Нартай жеткізуді жалғастырмай, бірден полицияға хабарлаған. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері зейнеткердің кең таралған телефон алаяқтығының құрбаны болғанын анықтады.
Алаяқтардың сөзіне сенген әйел 3 мың АҚШ долларын джинсы шалбарының қалтасына салып, пакетті курьерге берген. Курьердің дер кезінде хабарлауының арқасында қылмыстық әрекеттің жолы кесіліп, зейнеткердің барлық қаражаты өзіне қайтарылды.
Азаматтық жауапкершілігі мен белсенді өмірлік ұстанымы үшін Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Кабдулдинов курьерге алғыс хат пен естелік сыйлық табыстады.
– Бүгін біз полиция қызметкері болмаса да, өз әрекетімен азаматтарды қылмыстан қорғауға елеулі үлес қосқан азаматқа құрмет көрсетіп отырмыз. Осындай бейжай қарамайтын адамдардың арқасында қылмыстың алдын алып, қиын жағдайға тап болған жандарды қорғауға мүмкіндік туады. Нартайдың әрекеті – Мемлекет басшысының "Заң және тәртіп" қағидаты әр азаматтың жеке жауапкершілігінен басталатынының жарқын көрінісі, – деді Айдын Кабдулдинов.
Ал Нартай Есімханов сол сәтте жүрек қалауымен әрекет еткенін айтады.
– Әжейдің көзіне қараған сәтте оның қатты қорқып тұрғанын түсіндім. Оны шынымен аядым. Сол кезде өз анам есіме түсіп, "егер оның орнында менің анам болса ше?" деген ой келді. Сондықтан бірден полицияға хабарластым. Дұрыс шешім қабылдадым деп есептеймін, – деді ол.
Сондай-ақ Нартай жеткізу қызметінде еңбек ететін әріптестерін бейжай қалмауға шақырды.
– Барлық курьерлерден адамдарға, әсіресе қарт кісілерге мұқият әрі жанашыр болуды сұраймын. Егер адамның әрекеті күмән тудырса немесе оғаш көрінсе, бірден "102" арнасына хабарлаған дұрыс. Мүмкін, дәл сіздің қоңырауыңыз қылмыстың алдын алып, біреуді үлкен шығыннан сақтап қалар, – деді ол.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.
Ұқсас жаңалықтар
TikTok-та тікелей эфирлерде балағат айтатындар жауапкершілікке тартылады
- авторОймақ
- 28 шілде, 2026





