сәрсенбі, 15 шілде, 2026 9:17

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Қант неге қымбаттады

Қант неге қымбаттады
Magnific.com
Кейбір өңірлерде қант бағасының күрт қымбаттауы маусымдық сұраныстың артуымен байланысты. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді.

Журналистер Павлодар облысында бір апта ішінде қант бағасы 12,5 пайызға өскенін айтып, оның себебі мен алдағы уақытта тапшылық қаупі бар-жоғын сұрады.

Вице-министрдің айтуынша, жаз мезгілінде тұрғындар қысқа азық-түлік дайындауға кірісетіндіктен, қантқа деген сұраныс дәстүрлі түрде артады.

«Жекелеген өңірлердегі қант бағасының өсуі маусымдық кезеңмен байланысты. Қазір халық компот, тосап және басқа да қысқы азық-түлік қорын дайындай бастайды. Сондықтан сұраныс көбейеді. Жалпы бағаның әрі қарай өсуіне алаңдауға негіз жоқ. Биыл қант қызылшасының түсімі жақсы болады деп күтіп отырмыз», – деді Азат Сұлтанов.

Ол елімізде қант қызылшасын өңдейтін үш зауыт жұмыс істеп тұрғанын, ал биыл Тараздағы қант зауытында жаңа өңдеу өндірісі іске қосылатынын айтты.

«Биыл Тараз қант зауытында қант қызылшасын өңдейтін жаңа өндіріс пайдалануға беріледі. Соның нәтижесінде отандық шикізатты өңдеу көлемі артады. Бұдан бөлек, Латын Америкасы елдерінен әкелінетін қант-шикізат та елімізде өңделеді. Дегенмен қазіргі таңда тұтынатын қанттың шамамен жартысы, ал жақсы жылдары 30 пайызы Ресейден импортталады», – деді вице-министр.

Азат Сұлтановтың сөзінше, өңірлердегі әкімдіктердің қоймаларында қант қоры жеткілікті. Қазіргі қор елдің қажеттілігін шамамен үш ай бойы қамтамасыз етуге жетеді.

Бір аптадағы бағаның күрт өсуіне қатысты сұраққа жауап берген вице-министр әр өңірдегі жағдайдың әртүрлі екенін айтты.

«Әр өңірде өз көтерме жеткізушілері бар. Кейбір жерде жеткізілімге немесе импортқа байланысты мәселелер туындауы мүмкін. Сондай-ақ осы кезеңде сусын, кондитерлік өнім шығаратын кәсіпорындар тарапынан да қантқа сұраныс артады. Бұл да бағаға әсер етуі ықтимал», – деп түсіндірді Азат Сұлтанов.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар