Астана негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі бойынша еліміздегі көшбасшы өңірлердің бірі болып қала береді. Жеке инвесторлардың белсенділігі, жаңа өндіріс орындарының ашылуы және ірі жобалардың жүзеге асырылуы елорданың инвестициялық тартымдылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
Соңғы жылдары Астанаға құйылған инвестиция көлемі тұрақты өсіп келеді.
2025 жылы қала экономикасына шамамен 2,5 триллион теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 21,3 пайызға көп. Оның басым бөлігі, яғни 65 пайызға жуығы, жеке инвесторлардың қаржысы.
Бұл – бизнестің елорданың экономикалық әлеуетіне және болашақтағы дамуына сенім білдіретінінің айқын көрінісі.
Биылғы жылдың алғашқы айларында Астана экономикасына 833 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,2 пайызға артық. Оның 591 миллиард теңгесі жеке инвестициялар есебінен қамтамасыз етілді.
Қазір Ұлттық инвестициялық жобалар пулына жалпы құны 2,2 триллион теңгеден асатын 210 жоба енгізілген. Бұл жобалар аясында жаңа өндіріс орындары, логистикалық орталықтар, білім беру және денсаулық сақтау нысандары салынады.
Сонымен қатар елордада жаңа өндірістерді дамытуға бағытталған жұмыстар жалғасып жатыр. «Астана – Технополис» арнайы экономикалық аймағы кеңейтіліп, өндірістік және логистикалық инфрақұрылым жаңартылуда. Сондай-ақ екінші Индустриялық паркті дамыту қолға алынған.
Мұның бәрі жаңа инвестициялар тартуға, өндіріс көлемін ұлғайтуға және тұрақты жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






