бейсенбі, 9 шілде, 2026 15:18

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

"20 тәулік әкімшілік қамау және 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айыру": Елеусіновке қатысты сот үкімі шықты

"20 тәулік әкімшілік қамау және 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айыру": Елеусіновке қатысты сот үкімі шықты
Arasha.kz коллажы
Қаулы әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Астанада мас күйінде көлік жүргізіп, бірнеше жол-көлік оқиғасына себепкер болған Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновке қатысты сот шешімі шықты, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  Arasha.kz.сайтына сілтеме жасап. 

Астана қалалық полиция департаменті Toyota Land Cruiser көлігінің жүргізушісі бокстан Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов екенін растаған. Алдын ала мәлімет бойынша, ол бірнеше көлікпен соқтығысып, кейін оқиға орнынан кетіп қалған.

Іс Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотында қаралды. Сот материалдарына сәйкес, азамат Е. алкогольдік масаң күйде көлік басқарып, қала көшелерінің бірінде үш жол-көлік оқиғасын жасаған.

Сотта анықталғандай, жүргізуші алдымен жерасты автотұрағы қақпасының тірегіне соғылған. Кейін басқа көлікпен соқтығысып, инерциямен тағы бір автокөлікті қағып кеткен. Бұдан соң Kia Sportage көлігімен соқтығысып, соққы салдарынан ол Toyota Hilux автокөлігіне соғылған.

Жол апаттарының салдарынан бірнеше көлікке механикалық зақым келіп, материалдық шығын келтірілген.

Сотта құқық бұзушының кінәсі іс материалдарымен дәлелденгені айтылды. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, азамат Е.-нің жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болғаны анықталған.

Сонымен қатар оның кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалармен, жол-көлік оқиғаларының сызбаларымен, бейнежазбалармен, қатысушылардың түсініктемелерімен және сотта қаралған өзге де дәлелдермен расталған.

Сот отырысында азамат Е. өз кінәсін толық мойындады.

Оның әрекеті Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабы 3-бөлігі бойынша сараланды. Бұл бап мас күйде көлік жүргізіп, жол-көлік оқиғасына себеп болғандарға 20 тәулікке әкімшілік қамау және 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасын қарастырады.

Сот аталған бап санкциясының баламасыз екенін ескеріп, азамат Е.-ге 20 тәулік әкімшілік қамау жазасын тағайындады. Сондай-ақ ол 7 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылды.

Қаулы әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар