"Сенің жоқтығыңа қалай сенерімді білмеймін": өртенген полицейдің қарындасы ағасын жоқтап, жазба жариялады
- авторОймақ
- Бүгін, 17:44
- 18
Алматы облысында өртенген күйі табылған полиция қызметкері Аслан Әлсеровке қатысты жаңа деректер мен марқұмның видеосы әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz
Бұған дейін хабарланғандай, Аслан Әлсеров Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция бөлімінде қызмет еткен. Қайғылы оқиғаға қатысты тергеу жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта марқұмның жұбайы, екі ұлы және олардың 14 жастағы досы күдікті ретінде қамауға алынған.
Тергеу мәліметіне сәйкес, оқиға болған күні полиция қызметкері үйіне кеш келген. Үйде шыққан жанжал төбелеске ұласқан. Алдын ала нұсқа бойынша, жасөспірімдердің бірі ер адамның басынан ауыр затпен ұрған болуы мүмкін. Кейін күдіктілер ес-түссіз жатқан ер адамның денесін көлікке салып, Алматы облысы Кеген ауданына қарай алып кеткен деген дерек бар.
Тергеу болжамынша, мәйіт Көкпек – Көктал – Кеген тас жолынан тауға қарай шамамен жарты шақырым жерде өртелген. Оқиғаның нақты мән-жайы сот-медициналық сараптамалардан кейін анықталмақ.
Осы оқиғаға байланысты марқұмның қарындасы Айдана Бекболатовна Instagramпарақшасында ағасын жоқтап, әсерлі жазба жариялады.
"Бүгін міне 3 күн, ағатай! Сенің жоқтығыңа қалай сенерімді де білмеймін. 3 күн қол жайып, таң намазымен дұға жасап, басыңа барғаныма... Жатқан жерің жайлы болсын! Жаның жай тапсын! Мәңгіге есімде, жүрегімде. Балапандарың аман болсын!" – деп жазды ол.
Сондай-ақ ол ағасының отбасына қорған болғанын, балаларының жанында жүрген сәттері фото-видеолардан көрінетінін айтты.
"Қаншама фото-видео қарасам, отбасыңның қасында қорған болғаныңды, балапандарыңды дамытып жүргеніңді көруге болады. Сен туралы кітап жазуға болады. Сенімен бір сәт тілдескен адамның өзі жақсылығыңды айтып кетті. Қайтып сенейін?! Сенің кең жүрегіңе әлем сыйғанын қайдан білейін", – деп жазды марқұмның қарындасы.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





