сейсенбі, 23 маусым, 2026 16:37

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Шымкентте қыз алып қашқан үш адамға сот үкімі шықты

Шымкентте қыз алып қашқан үш адамға сот үкімі шықты
Фото: Qaz365.kz
Алайда айыпталушы тарап апеллияциялық шағым беретіндерін мәлімдеді.

Шымкентте 17 жастағы студент қызды еркінен тыс алып қашу және оған қатысты күш қолдану фактісі бойынша қаралған қылмыстық іс бойынша сот үкімі жарияланды. Сот айыпталушыларды кінәлі деп танып, әрқайсысына 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда айыпталушы тарап апеллияциялық шағым беретіндерін мәлімдеді.

Qaz365.kz сот шешімін және айыпталушы тараптың уәжін назарларыңызға ұсынады.

Сонымен қатар сот моральдық және материалдық өтемақы мәселесіне қатысты шешім шығарды.

«Сот 5 млн жеткілікті деп санады. 1,5 млн қалың мал бар. Соны да есептеу қажет. Өз еркімен өтеуге 1 ай уақыт берілді. 1 айда өтемесе, мәжбүрлі түрле орындауға жіберіледі.
Қорғаушылардың қыз өз еркімен отырған деген уәждері өз негізін таппады. Ал жәбірленуші қыдыра ма? Жүре ме? Қылмыстық істі қарағанда біз адамның жеке басына қатысты жағдайларды негізге алмаймыз. Жоғарғы соттың зорлауға қатысты нормативті қаулысы бар. Оның жүріс-тұрысы маңызды емес. Сондықтан сот қорғау тарапының барлық уәждерін негізсіз деп тапты. Екі сотталушыда да ауырлататын, жеңілдететін мән-жайлар анықталмады. Кінәні мойындамады. Қылмыстан келген шығын өтелмеді. Қамбардың асырауында кішкентай баланың болғаны ескерілді. Аталған бап бізде ауыр санаттағы қылмыс саналады. Әуесхан 40 күндей бірге тұрған. Отбасы болған. Кетіп қалғанын ескеріп, сот ең төменгі мөлшерде жазасын тағайындады. Ең төменгі жазалардың өзі 3 жылдан 7 жылға дейін. Альтернативті жазалар көп. Бірақ сот жәбірленушінің пікірін ескеріп, қылмыстан келген мүліктің шығыны өтелмегенін ескеріп, алып қашудың қылмыс екенін ескеріп, барлық сотталушыларға 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады», — деді судья.

Іс қоғамда үлкен резонанс тудырды. Бұған дейін әлеуметтік желілерде қызды алып қашу сәті түсірілген видео тарап, қоғамның қызу талқылауына себеп болған еді. Видеода қыздың шыңғырғаны, қарсыласқаны көрінеді.

Жәбірленуші кейін видео түсіріп, өзін көлікке күштеп отырғызғанын, телефонының алғанын және күштеп әкеткендерін айтқан.

«Студентпін. Көпбалалы отбасынан шыққанмын. Мені бұрын-соңды көрмеген ер азамат алып қашты. Яғни мені жолдың бойында 3-4 бала болып, көлікке күштеп отырғызып белгісіз бағытта жол тартты. Мақсатын білгенімде үйленетінін айтты. Сөйтіп Сарыағаш ауданына алып барды. Үйіне келгенде туысқандары, жеңгелері орамалын алып жүгіріп жүрді. Отшашу атты. Камераға түсірген адам көп болды. Алып қашуды жоспарлағандарын сол кезде түсіндім», — деді ол.

Сондай-ақ қыз қысым көрсетілгенін, оқуын жалғастыруына кедергі болғанын және зорлық фактісі болғанын да мәлімдеді.

«Дәстүріміз осындай, бұл үйден қыз болып шықпауың керек деді. Ары қарай оқуға бармайтынымды айтты. Жыныстық қатынасқа мәжбүрлі түрде түсірді. Зорлық-зомбылықтан кейін қандай хәлде болғаныма ешкім қарамады», — деді жәбірленуші.

Алып қашуға көмектескен сотталушылардың бірінің әйелі қыздың өз еркімен барғанын айтты. Ол өзінің күйеуінің жарты жолдан қосылғанын және жазықсыз 3 жылға кетіп бара жатқанын айтып, көз жасына ерік берді.

«Ол жарты жолдан қосылған. 3 балам бар. 3 жыл енді қайтып күн көремін? Қызды көлікте өз еркімен, көніп бара жатқанын айтқан. Біз де ойнап-күліп жүргенбіз. Әпкемдер 6-сы күні, біз 8-зі күні бардық. Балалар да бәрі барды. Беймарал шай құйып отырды. Бізбен де биледі. Орамалын шешіп тастап биледі. Бөлмесін де әдемілеп жасап қойған. Соңына дейін отырды. Шай тасып жүрді», — деді ол.

Жігіттің  анасы сотта бұл уәжбен келіспейтіндерін айтып, қыздың өз еркімен барғанын алға тартты. Сонымен қатар ол апеллияциялық шағып түсіретіндерін айтты.

«17 жаста болса, неге жігітке барады? Неге көлікке отырады? Неге жігітпен сөйлеседі ол? 17 жаста болса, үйде тыныш отырмай ма? Жігіттің басын айналдырмай. Кездесуге неге шығады? Мен соттың шешімімен келіспеймін. Аппеляциялық арыз береміз», — деді олар.

Іс Қылмыстық кодекстің 125-1-бабы — «Некеге мәжбүрлеу» бойынша қаралды. Бұл бап 2025 жылы енгізілген және адамды еркінен тыс некеге немесе бірге тұруға мәжбүрлегені үшін жауапкершілік қарастырады.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар