«Шетелдік компанияларға сауда жасауға рұқсат етілмеді. Қайта өңдеу процесі толығымен теңгерім ұстаушылардың бақылауында. Жасалған келісім талаптарына сәйкес барлық әуе кемелері, сондай-ақ оларға арналған құрамдас бөліктер мен тораптар кесу, ұсақтау және бастапқы күйіне келтіру мүмкіндігін болдырмайтын басқа да әдістерді қолдану арқылы теңгерім ұстаушылардың аумағында жойылады. Осыдан кейін олар аумақтан тек түсті металл сынықтары түрінде шығарылады»-. деп мәлімдеген компания өкілдері.
Естеріңізге салар болсақ, 29 сәуірде бірқатар шетелдік ақпарат құралдары, соның ішінде DW және The Business Insider АҚШ Қазақстаннан ескі әскери ұшақтарды сатып алып, Украинаға беруге ниетті екенін жазды. Батыс медиасы Kyiv Post басылымына сілтеме жасаған. Дегенмен мұндай ақпарат алғаш рет өткен аптада тарай бастады. Инсайдер UA телеграм арнасы бұл ақпаратты 26 сәуірде жариялаған еді. Кейін өзге медиа іліп әкетті. Журналистер АҚШ 81 ұшақ сатып алғанын мәлімдеген еді. Әрі ескі ұшақтардың іске жарайтын бөлшектерін Украина тарапы қолданыстағы техникаға пайдаланса, қаңқаларын алдамшы нысана ретінде қолдануы мүмкін екенін хабарлаған.
Бұл мәселеге қатысты пікір білдірген әскери шолушы Амангелді Құрметұлы мұндай ақпараттың астарында арандату тұрғанын айтады. «Рас, былтыр әбден тозған 117 ұшақ ресми түрде бөлшектеліп, метал сынықтары ретінде сатылу үшін арнайы саудаға шығарылған. Ұшақтардың арасында МиГ-31 ден бастап Су-24, Су-27, МиГ-27, МиГ-29 ұшақтары болды. Қазақстан оларды жөндеп, қолдануға жарамды деңгейде ұстап тұра алмайды. Сондықтан саудаға шығарылған. Бірақ ұшақтар түгел бөлшектелуге тиіс еді. Өйткені Қазақстан 2022 жылдың тамызында қару-жарақ пен әскери техника саудасына мораторий жариялаған. Бір жылға белгіленген мораторийдің күші әлі жойылған жоқ. Сондықтан ұшақтардың сатылғаны жайлы ақпаратты қауесет деп санаймын. Екіншіден, заңсыз қару-жарақ саудасынан опық жеген, басымыз дауға қалған кездер болған тарихта. 90 жылдары Солтүстік Кореяға МиГ-21 ұшақтарын сатпақ болған әскерилер ұсталған. Үлкен дау болып еді. «Игла» жеңіл зениттік кешенді Югославияға сатпақ болғандар да қолға түскен. Ол кездер бақылау аз, бассыздық басым уақыт еді. Қазір бақылау бар. Біз ғана емес, ірі державалардың да бақылауы күшті. Әскери техникалар саудасын ешкімге білдірмеу мүмкін емес. Ақпараттық жалған болу ықтималдығын осы фактор да арттыра түседі. Үшіншіден, қару-жарақ саудасын ұйымдастыру елдің беделіне нұсқан келтіреді. Әрі Қазақстанның сыртқы саясаттағы ұстанымына кереғар дүние. Мемлекет мұндай тәуеекелге бармайды деп ойлаймын. Осы уәждер батыс медиасы таратқан ақпараттардың қауесет болуы мүмкін екенін айғақтайды. Ал егер, шынында да заңсыз жолмен ұшақ бөлшектерін сатып жіберген біреулер болса, өз басым оларды арандатушы деп бағалаймын. Қазақстанды Ресеймен итіс-тартысқа итермелеп отыр. Ал мұндай дау-дамай бізге тиімсіз. Соңғы үлкен жанжалға ұласуы мүмкін. Қазірдің өзінде Ресей медиасында байбалам аз емес. Сондықтан абайлау керек»,-дейді шолушы.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.