Қазақстан бюджет тапшылығын жабу үшін 1 млрд доллар қарыз алайын деп отыр
- авторОймақ
- Бүгін, 11:15
- 80
Осы мақсатта Қазақстан Халықаралық қайта құру және даму банкінен 92,3 миллиард иен (шамамен 280 млрд 592 млн теңге) көлемінде қарыз алмақ. Несиені өтеу мерзімі – 11 жыл. Оның алғашқы бес жылы жеңілдік кезеңі ретінде қарастырылған. Тиісті келісім бүгін Мәжілісте қаралып жатыр.
Қаржы министрі Мәди Такиевтың сөзінше, бұл қаржы биыл көлемі 4,6 триллион теңге болатын республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыруға бағытталады.
Сонымен қатар Қазақстан Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен жылдық 1,2% мөлшерлемемен 400 миллион доллар (195 млрд 660 млн теңге) қарыз алады. Бұдан бөлек, 1,5 млрд доллар (733 млрд 725 млн теңге) көлемінде еурооблигациялар шығару жоспарланған.
Үкімет мәліметінше, тартылатын қаражат экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етуге және республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыруға бағытталады.
Алынатын қарыздарға қызмет көрсету және оларды өтеу шығындары республикалық бюджет қаражаты есебінен Қаржы министрлігі арқылы жүзеге асады.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






