"Коттедж де, кортеж де болмайды": мектеп бітіру кештері қарсаңында талап күшейді
- авторОймақ
- Бүгін, 07:51
- 16
Алматы облысында мектеп бітіру кештері қарсаңында полиция күшейтілген жұмыс режиміне көшті, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап.
Өңірде автокеруен ұйымдастыру, қарсы жолаққа шығу, көлік қозғалысы кезінде терезе мен люктен бысын шығарып, сығалау секілді қауіпті әрекеттерге ерекше бақылау күшейтілген. Сонымен қатар полиция кәмелетке толмағандардың коттедж жалдап, заңсыз кештер өткізуіне қатысты және жасөспірімдерге алкоголь мен энергетикалық сусындар сататындарға да қатаң ескерту жасады.
Алматы облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Еркебұлан Ахметовтің айтуынша, қарсы жолаққа шыққан жүргізуші ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 596-бабы бойынша 6 айға жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін. Ал көлік қозғалысы кезінде жасөспірімдердің терезе немесе люк арқылы шығуы жүргізуші мен ата-анасының жауапкершілігіне әкеледі.
Сонымен қатар өңірде “Заң мен тәртіп” қағидаты аясында «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталып, түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүрген жасөспірімдер анықталуда. Полицияда бұл шаралардың басты мақсаты жазалау емес, оқу жылының аяқталуы мен жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтті.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.






