140 балл: Асхат Аймағамбетов академиялық адалдықты қамтамасыз ету маңызды екенін айтты
- авторОймақ
- Бүгін, 14:42
- 22
ҰБТ-да ең жоғары балл жинаған түлектер санының күрт көбеюі Парламент мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетовті «біраз» мазасыздандырды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап.
Депутаттың айтуынша, бұған дейін мұндай жоғары нәтиже көрсеткен талапкерлерге қатысты міндетті түрде қосымша талдау мен тексеру жұмыстары жүргізілетін.
Халық қалаулысы бұл үрдістің биыл да жалғасатынына үміт білдіріп, емтихан барысында академиялық адалдықты қамтамасыз етудің маңыздылығын баса айтты.
«Мен бұл балалардың біліміне күмән келтіргім келмейді, олар үшін өте қуаныштымын. Бұл шын мәнінде үлкен құрметке лайық. Бұл – оқушылардың, олардың ата-аналары мен мұғалімдерінің еңбегі, табандылығы. Дегенмен, «сен, бірақ тексер» деген қағиданы ұмытпауымыз керек», — деді Асхат Аймағамбетов.
Сонымен қатар депутат кейбір білім беру орталықтарының жоғары балл жинаған оқушыларға қымбат сыйлықтар сыйлау тәжірибесіне қатысты да пікір білдірді. Ол мұндай ынталандырудан ешқандай заңсыздық көрмейтінін, бірақ бұл жерде білімнен бұрын маркетингтік мақсат алдыңғы орынға шығатынын жеткізді. Оның пайымдауынша, орталықтар осылайша өз табысын көрсетіп, көбірек клиент тартуды көздейді. Алайда ҰБТ-дағы жоғары балл – бірнеше ай немесе бір жыл ішінде ғана қол жеткізілетін нәтиже емес, бұл ең алдымен оқушы мен мектеп мұғалімдерінің көпжылдық еңбегінің жемісі.
Айта кетейік, бұған дейін Тараз қаласынан шыққан талапкер ҰБТ-да мүмкін болған ең жоғары балды жинаған еді. Оқушы емтиханға дайындалған білім беру орталығы бұл жетістік үшін оған бизнес-кластағы пәтер, Mercedes E-Class автокөлігі немесе 50 миллион теңге ақшалай сыйлықтың бірін таңдауды ұсынған болатын.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





