жұма, 8 мамыр, 2026 13:44

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Блогер Жаңабыловтар ісі: неге рұқсат, неге тыйым?

Блогер Жаңабыловтар ісі: неге рұқсат, неге тыйым?
Фото: tengri.kz
Астанада танымал блогерлер Ерболат Жаңабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты сот үкімі шықты.

Олар заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырды деп танылды. Сот үкіміне қарамастан, оларға блогерлік қызметін жалғастыруға рұқсат етілгенімен, бірқатар шектеулер қойылды.

Сот үкіміне сәйкес, Эльмира Төлегенованың мүлкі тәркіленіп, 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда жазаны орындау кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты 2 жылға кейінге шегерілді. Оның жұбайы Ерболат Жаңабыловтың да мүлкі тәркіленіп, 2 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Айта кетерлігі, сотқа дейін прокурор өз ұстанымын жұмсартып, бұрын талап еткен 4 жылдық жазаның орнына соңғы сәтте Төлегенова ұсынған мәмілеге келіскен.

Заңгер Фарид Әлиевтің түсіндіруінше, Ерболат Жаңабыловқа блогерлікпен айналысуға тікелей тыйым салынбаған. Алайда шартты жаза оған бірқатар міндеттеме жүктейді. Атап айтқанда, ол сағат 22:00-ден таңғы 06:00-ге дейін үйінде болуға, жұмысқа тікелей қатысы болмаса, ойын-сауық мекемелеріне (клуб, бар) бармауға міндетті. Сондай-ақ дәрігердің тағайындауынсыз психоактивті заттарды қолдануға, пробация қызметіне ескертпестен тұрғылықты жерін ауыстыруға және елден тыс жерлерге шығуға тыйым салынады. Ол үкім күшіне енген соң 10 тәулік ішінде пробация қызметіне есепке тұруы керек. Шарттар бұзылған жағдайда, сот шартты жазаны нақты бас бостандығынан айыруға ауыстыруы мүмкін.

Ал Эльмира Төлегенованың жазасы шартты емес, кейінге шегерілгендіктен, оның режимі әлдеқайда жеңіл. Оған уақыт бойынша шектеулер мен ойын-сауық орындарына баруға тыйым салынбаған. Төлегенова блогерлік қызметін жалғастырып, қалыпты өмір салтын ұстана алады. Дегенмен, оған қоғамдық тәртіпті бұзбау және бала тәрбиесінен бас тартпау міндеттеледі. Егер ол осы шарттарды сақтаса, сот оны жазадан толық босатуы мүмкін, ал кері жағдайда 2 жылды қауіпсіздігі ең төмен мекемеде өтеуіне тура келеді.

Бөлісу:
Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар