Нью-Йорк мэрі элиталық үй иелеріне жаңа салық енгізбек: қазақстандықтар да қатарда болуы мүмкін
- авторОймақ
- Бүгін, 11:46
- 19
«Выход к морю» телеграм-арнасының мәлімдеуінше, бұл талап Нью-Йорк штатында немесе қаланың өзінде қымбат үйі бар, алайда «негізгі тұрғылықты жері Нью-Йорктен тыс орналасқан» адамдарға қатысты болмақ. Арна осы санатқа бірнеше қазақстандықтың да түсуі мүмкін екенін жазды.
Нью-Йорк мэрі Зохран Мамдани мен штат губернаторы Кэти Хокул әзірлеп жатқан жаңа заң, ең алдымен, люкс санатындағы бос тұрған баспаналарға бағытталған. Қала мэриясының сайтындағы түсіндірмеге сүйенген арна «салықтың нысанасы – қымбат мүлік иеленсе де, оны тұрақты мекен ретінде пайдаланбайтын аса ауқаттылар» екенін атап өтеді.
«Выход к морю» келтірген мәліметке сәйкес, ықтимал салық төлеушілер қатарында Қазақстанның бұрынғы Жоғарғы сот судьясы Сайлаубек Джакишевтің отбасына қатысы бар мүлік те бар. Арнаның жазуынша, оның ұлы Әділжанның Нью-Йоркте екі нысаны бар: бірі – Upper West Side ауданындағы үш бөлмелі пәтер, екіншісі – Төменгі Манхеттендегі коммерциялық нысан. «Екі объект үшін Әділжан 5 млн доллардан сәл ғана көп ақша төлеген, бұл жаңа салыққа ілігуге жеткілікті», – деп жазады арна.
Сондай-ақ арна Қайрат Боранбаевтың серіктесі ретінде аталған Сержан Жұмашовтың да Манхеттенде пәтері барын хабарлады. Мәлімдемеде оның 2010 жылдан бері 151 East 58th Street мекенжайындағы 172 шаршы метрлік, бес бөлмелі пәтерге иелік ететіні айтылған. Нысан кезінде 3 млн долларға сатып алынғанымен, қазір оның құны кемінде екі есе өскені көрсетілген.
«Выход к морю» жарияланымында бұрынғы Антикоррупциялық қызмет басшысының орынбасары Нұрлан Шабдарға туыстық байланысы бар адамдардың да Нью-Йоркте қымбат мүлкі бары сөз болады. Атап айтқанда, арна Манхеттендегі екі пәтер Меруерт Кисамиева мен Алуа Шабдарға тиесілі екенін жазады. Соның бірі – East 76th Street бойындағы екі қабатты пентхаус. Арна сипаттамасында бұл баспанада төрт жатын бөлме, бес санитарлық торап, қонақ бөлме мен асүйі бар асхана орналасқаны, ал жалпы құны 5 млн долларлық межеден асатыны айтылған.
Жаңа салық бұрынғы «Олимп» букмекерлік кеңсесінің иесі Анарбек Жауировқа да әсер етуі мүмкін. Арна дерегінше, оған Манхеттендегі құны 6,5 млн доллар болатын пәтер тиесілі. «Пәтер жалға берілгеніне қарағанда, Жауировтың өзі онда тұрмайды, демек екінші талап та орындалады», – деп жазады телеграм-арна.
Сонымен қатар жарияланымда бұл талапқа ілікпейтін тұлғалар да аталған. Мәселен, экс-Елбасының марқұм ағасына тиесілі болған пәтердің бағасы 5 млн долларлық межеден әлдеқайда төмен болғаны айтылады. Сол сияқты бұрынғы Алматы әкімі Виктор Храпуновтың Нью-Йорк штатындағы Сиракузы қаласындағы үйі туралы айта келе, арна жергілікті басылымдарға сілтеме жасап, оның қараусыз қалып, қираған күйге түскенін жазады. Ал бұрынғы Астана әкімі Әділбек Жақсыбековтің ұлы Дәуренге тиесілі деп көрсетілген пәтердің құны да жаңа шектен екі есе төмен екені айтылған.
Осылайша, «Выход к морю» арнасының мәліметінше, Нью-Йорк билігінің жаңа бастамасы қабылданса, қымбат мүлікті инвестиция не резерв актив ретінде ұстап отырған шетелдік меншік иелеріне қосымша қаржылық салмақ түсуі мүмкін.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





