ЭВАКУАЦИЯЛАНҒАН ТҰРҒЫНДАР ҮЙІНЕ ОРАЛУДА
15 сәуір күнгі мәлімет бойынша, тасқын кезінде эвакуацияланған құлсарылықтардың 1 049-ы үйіне оралды. Айталық, Теңіз вахталық қалашығына жеткізілген 4 620 адамның 1 049-ы Құлсары қаласына қайтып келді.
Жылыой аудандық жедел штабтың мәліметіне сәйкес, 5 сәуірден бастап Маңғыстау облысына – 25 211, Атырау қаласына – 2 653, Мақат ауданына 173 тұрғын уақытша көшірілген. Құлсары қаласының өзіндегі эвакуациялық қосындарға 166 адам орналастырылған болатын.
2000-ҒА ЖУЫҚ ЖЫЛЫОЙЛЫҚ ӨТІНІМ БЕРДІ
Тағы бір жаңалық – 2000-ға жуық жылыойлық бірреттік әлеуметтік көмек алуға өтінім беріп үлгерді.
15 сәуірдегі жағдай бойынша, Жылыой ауданында тасқыннан зардап шеккен 1 942 отбасынан бірреттік әлеуметтік төлемге өтініш қабылданды. 100 айлық есептік көрсеткіш, яғни 369 200 теңге көлеміндегі бірреттік әлеуметтік төлемге құжат қабылдау Жылыой ауданында 12 сәуірден басталды. Қазір құжаттар үш мекенжай бойынша, Жылыой аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде (Қабдешов көшесі, 1 үй), Жылыой аудандық Мансап орталығының ғимаратында (Махамбет даңғылы, 178 үй) және Теңіз қалашығындағы эвакуациялық пунктте қабылдануда.
«Күні бүгінге тасқыннан зардап шеккен 1 942 отбасынан өтініш қабылданды. Жоспар бойынша, 2 800 отбасынан өтінім қабылдау күтілуде. Бірреттік әлеуметтік төлем алу үшін небәрі төрт құжат керек. Өтініш, жеке басын куәландыратын құжат, банктен арнайы есепшоттар және қала әкімдігінен берілген анықтама», – деді Атырау облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы Азамат Мәмбетов.
Құлсарыда су басқан үйлердің саны нақтыланып жатыр. Атырау облысы төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штаб мәлімдеді. «8 сәуірдегі ресми дерек бойынша, Құлсары қаласында су басқан үйлердің саны 2 810 болып отыр. Санаттар бойынша суға кеткен нысандар саны су кеткен соң әлі де нақтыланады» деп түсінік берді Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев.
ГАЗ ЖЕЛІСІ ҚАЙТА ҚОСЫЛДЫ
Құлсарыда тасқын судан кейін газ беру қалпына келтірілді. Жылыой ауданының орталығында 8 сәуірден бері «ЖылыойГаз» ЖШС қызметкерлері газ беруді қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Газ беру жұмыстарын 4 бригада екі ауысыммен атқару үстінде. Қазір газ мәселесіне қатысты апаттық диспетчерлік қызмет тәулік бойы өтініш қабылдап жатыр. Айта кету керек, тасқын су салдарынан газ қондырғылары мен құбырлары көп зақым алған. Ішіне су кіріп кету және кейбір үйлер құлағаннан газ желілеріне зақым келіп, сынып кету жағдайлары болып жатыр.
Апаттық диспетчерлік қызметі (104 немесе +7 701 845 72 45 телефоны арқылы) күні-түні тұтынушылардың тапсырысын қабылдайды.
ТҰРҒЫНДАР ҚОҒАМДЫҚ ШТАБ ҚҰРДЫ
14 сәуір күні Жылыой ауданы орталығы – Құлсары қаласында қоғамдық штаб жұмысын бастады.
Штаб құрамына ауданның қоғамдық белсенділері, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, жастар көшбасшылары мен кәсіпкерлер кірді. Ауданның құрметті азаматы Ербол Дәулетбаев қоғамдық штабты басқаруда.
ТЖ жөніндегі қоғамдық штаб құрудың мақсаты – өңірлерде тұрғындармен тиімді коммуникациялар құру, су тасқынынан зардап шеккендерге кеңес беру және әлеуметтік шаралар туралы кеңінен ақпарат беру.
Бұған несие мен ипотека төлемдерін кейінге қалдыру, тұрғын үй үшін өтемақы төлеу, бірреттік материалдық көмек, бүлінген мүлікке өтемақы төлеу, үйлерді жөндеу және қалпына келтіру және басқа мәселелер кіреді.
ӨЛГЕН МАЛ ӨЛЕКСЕСІ ЖОЙЫЛЫП ЖАТЫР
15 сәуірдегі жағдай бойынша, Жылыой ауданында 70-ке жуық малдың өлексесі жойылды.
Қазір Құлсары қаласында су тасқыны салдарынан өлген жан-жануарлар мен хайуанаттардың өлкселерінен жою жұмыстары жалғасуда.
Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Жылыой аудандық аумақтық инспекция басшысы Жәнібек Сабыровтың айтуынша, малдың өлексесі мал қорымдарында және арнайы белгіленген шұңқырларда өртеу жолымен жою жұмыстары жүріп жатыр. «Қазір төлдерін қоса алғанда 60 қой-ешкі малы, 8 үй құсы және бір-бірден ит-мысық өлексесі жиналып, жойылды. Жұмыстар одан әрі жалғасады», – деді Ж.Сабыров.
ҚҰЛСАРЫ – АТЫРАУ ТАСЖОЛЫ УАҚЫТША АШЫЛДЫ
4 сәуір күні Жем өзені арнасынан асып, тасқын су аудан аумағындағы Доссор – Құлсары тасжолын шайып кеткен еді. Тасқынның тоқтамауы өндіріс орындарындағы компаниялар мен мердігер мекемелердің мүмкіндігін шектеді. Осыған байланысты жол қозғалысын уақытша ашу қажеттілігі туындап, «Қазавтожол» компаниясы трассаның су басқан бөліктерін қалпына келтіруге кіріскен-ді.
Аталған жұмысқа 45 адам, 28 техника жұмылдырылып, су шайған учаскелерге су өткізетін 12 құбыр салынды. Оның бетінен инертті материалдар төселіп, 14 сәуір күні кешкі уақытта көліктердің уақытша жүріп-тұруына рұқсат берілді.
Жөнделген тасжолдағы қауіпсіздікті патрульдік полиция ротасы үздіксіз бақылауда ұстап отыр. Бүгіннен бастап қозғалыс бір бағытта кезекпен реттелетін болады.
– Міне, көлік қатынасы қайтадан қалпына келтірілді. Жағдайға байланысты уақытша қолайсыздыққа түсіністікпен қарап, сабырлыққа шақырамын, – дейді «Қазавтожол» ұлттық компаниясы Атырау облыстық филиалының директоры Мұрат Мықтыбаев.
ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК ҚОЗҒАЛЫСЫ ҚАЛЫПҚА КЕЛЕ БАСТАДЫ
Құлсары қаласында қоғамдық көлік қозғалысы қалыпқа келе бастады. Бұл туралы «Батыс Тех Инвест» ЖШС басшысы Әуез Әбіләкім мәлімдеді.
– Бүгінде қала ішінде 4 бағытта 14 автобус қатынауда. Қосшағыл, Жаңа Қаратон, Майкөмген, Жем ауылдық округтерінде автобустар қалыпты жұмысына кірісті. Төтенше жағдай болғанға дейін Құлсары қаласы ішінде, ауылдық округтерді қоспағанда 12 бағытта 55 автобус қатынайтын.
Қала көшелері судан тазартылып, көліктерге жүру толықтай қолайлы болған жағдайда қатынау бағыттары мен автобустар санын артатын болады, – деді Әуез Әбіләкім.
Табиғи апат айтып келмейді. Дегенмен қысылтаяң шақта нағыз батырларша әрекет етіп, өз ауылын тасқыннан сақтап қалған азаматтар да болды. Солардың бірі – Тұнғатар Лұқпанов.
Ол – Құлсары қаласының маңындағы «Береке» ауылының тұрғыны. «Береке» ауылы Құлсары қаласын Жем өзенінің суы басқанда табиғаттың дүлей апатынан аман қалды. Ауылдың орналасқан жері өзен суының деңгейіне жуықтағанмен, тұрғындардың ауызбірлігінің нәтижесінде тасқыннан қорғап шықты. Қиын шақта жоғары көрсеткішке қол жеткізу тек халықтың бірлесе қимылдауының арқасында жүзеге асатынына бұқараның көзі жетті.
«Қазір елімізде су тасқынына байланысты келеңсіз оқиғалар болып жатыр. Үйлер суға кетіп, халыққа ауыр тиіп тұр. Осындай шақта бірлік керек! Жұдырықтай жұмылғанның арқасында тасқын суды бөгеп, жеңгендей болып отырмыз. Бірінші кезекте сабыр керек. Келеңсіз шақтың тез өте шығатынына үмітіміз зор», – дейді ауыл тұрғыны Тұнғатар Лұқпанов.
Қазір Жылыой ауданында тасқын судың келтірген зардаптары пысықталып, оңалту шаралары жалғасып жатыр.
Баян Жанұзақ,
Атырау облысы
Aikyn.kz
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.